$541.34 €640.73 ₽6.53
×

Конституциялық комиссия Негізгі заңға енгізілетін түзетулер жобасын таныстырды

26.01.2026ж. 19:00
Конституциялық комиссия Негізгі заңға енгізілетін түзетулер жобасын таныстырды

Енді жемқорлыққа қатысы бар азаматтар сайлауға түсе алмайды. Конституциялық комиссияның отырысында  болашақ құрылтай депутаттарына қойылатын талап талқыланды. Ата Заңға өзгеріс енсе, халық қалаулылары жұмысын жүйелі атқара алмаған министрлерді қызметтен босатуы мүмкін. Тіпті, Үкіметке сенімсіздік танытуға құқылы болады. Саяси реформалар шеңберінде Президентке қатысты да жаңашылдық енеді. Ол қандай өзгеріс? Әріптесім Аружан Задабек түсіндіреді.

АРУЖАН ЗАДАБЕК, ТІЛШІ:

Ата заң – мемлекеттің құқықтық қаңқасы ғана емес, халықтың тарихи жады, ортақ құндылықтары мен болашаққа деген үміті. Сондықтан оған өзгеріс енгізу – жай ғана заңнамалық процесс емес, жауапкершілік. Мемлекет басшысы биылғы Құрылтайда елде біраз саяси реформалардың болатынын айтып, оның ішінде халық кеңесін құруды ұсынды. Бірпалаталы парламент, яғни Құрылтай туралы да ойын айтты. Ендігі біздегі сұрақ, олар не істейді, не үшін керек? Жаңадан құрылған Конституциялық комиссия олардың қызметіне қатысты біршама жоспарды айтты. Бірақ бұл әзірге ұсыныс қана. Нормалардың қайсысы қабылданып, қайсысы Ата заңға енбейтінін референдум шешеді.

Конституцияға енуі мүмкін өзгерістердің алғашқы легі, әрине, Сенат пен Мәжіліске қатысты. Болашақ құрылтай депутаттарына берілетін құзірет ауқымы кеңейеді.

Енді халық қалаулылары министрлерді лауазымынан босатуы мүмкін. Тіпті, Үкіметке сенімсіздік білдіруге құқылы. Десе де оның келісімінсіз бюджетті өзгерте алмайды. Егер Президент мерзімінен бұрын қызметтен кетсе оны да осы орган хабарлайды. Сайлауды жариялайды, референдум тағайындау туралы бастама көтереді. Керек десең, вице-президент пен Премьер-министрді тағайындауға келісім береді. Дәл солай мемлекет басшысының рұқсатымен Жоғары соттың судьяларын сайлайды әрі лауазымынан босатады.

Осындай мүмкіндік берілетін органға қойылатын талап та аз емес. Егер халық қалаулысы Қазақстаннан тыс жерге тұрақты тұруға кетсе, азаматтықтан айырылып, өзі сайланған партия тізімінен шықса мандатынан айырылады. Ал Құрылтайды мемлекеттік тілді еркін меңгерген депутаттар арасынан жасырын дауыс беру арқылы сайланған төраға басқарады. Бұл лауазымға  кандидатураны Президенттің өзі ұсынады.

НҰРЛАН БЕКНАЗАРОВ, ҚР ПАРЛАМЕНТІ СЕНАТЫНЫҢ ДЕПУТАТЫ:

Халық кеңесін құру тәртібі және оның құрамы, өкілеттілігі мен қызметін ұйымдастыру мәселелерін айқындайтын заңға конституциялық мәртебе берілгенін ерекше атап өту қажет.

Жаңа конституцияда ел басшысына қатысты да өзгерістер болуы мүмкін. Енді Мемлекет басшысының кезекті сайлауы оның өкілеттік мерзімінің аяқталуына кемінде 2 ай қалғанда өткізіледі. Ал Президент туыстары мемлекеттік қызметті атқаруға хақысы жоқ деген бап өзгеріссіз қалады.

Ата Заңға жаңашылдық енгізілгеннен кейін Қазақстан президентіне депутаттардың келісімімен вице-президентті, премьер-министрді, Конституциялық соттың 10 судьясын, Орталық сайлау комиссиясының алты мүшесін және Жоғары аудиторлық палатының сегіз мүшесін тағайындау құқығы беріледі. Егер депутаттар ұсынылған кандидатураларды екі рет кері қайтарса, мемлекет басшысы құрылтайды таратуға құқылы болады.

ЭЛЬВИРА ӘЗІМОВА, ҚР КОНСТИТУЦИЯЛЫҚ СОТ ТӨРАҒАСЫ - КОНСТИТУЦИЯЛЫҚ КОМИССИЯНЫҢ ТӨРАҒАСЫ:

Екі мыңнан аса ұсыныс түсті. Бұл тек жұмыс топтың ұсыныстары ғана емес, азаматтардың ұсыныстары. Сонымен қатар, бірінші отырыста қазіргі конституциялық комиссия мүшелерінің пікірі де тыңдалды. Олардың барлығы қоғамда кеңінен қолдау тапты деп айтсам артық болмайды.

Ал, жаңадан пайда болатын лауазым - вице-президент не істейді? Алдымен Мемлекет басшысының тапсырмасымен елдің сыртқы өкілдігін қамтамасыз етеді. Негізгі мемлекеттік институттармен өзара іс-қимыл жасауға, азаматтық қоғаммен, ғылыми, мәдени және сараптамалық қауымдастықтармен диалогты дамытуға міндетті. Әзірге белгілісі – осы. Қажет болған жағдайда Президент тарапынан нақтылануы мүмкін. Ал заң шығаруға бастама жасау құқығы Президентке, Құрылтай депутаттары мен Үкіметке және халық кеңесіне тиесілі.