$541.34 €640.73 ₽6.53
×

БҚО-да заңсыз қоқыс үшін төрт әкім орынбасарына айыппұл салынды

27.01.2026ж. 14:43
БҚО-да заңсыз қоқыс үшін төрт әкім орынбасарына айыппұл салынды
Фото: Kazinform

Батыс Қазақстан облысында 2025 жылы ғарыштық мониторинг деректері бойынша 183 заңсыз қоқыс орны анықталды.

БҚО бойынша Экология департаментінің басшысы Мұрат Ермекқалиевтің өңірлік коммуникациялар қызметі алаңында өткен брифингіде мәлім еткеніндей, соның ішінде 90-ы Бәйтерек, 35-і Бөрлі, 27-сі Теректі ауданы және 31-і Орал қаласының үлесіне тиеді.

Оның сөзіне қарағанда, заңсыз қоқыстың 154-і немесе 85 пайызы жойылған.

- Облыстың табиғат қорғау прокурорының ұсынуы бойынша заңсыз қоқыс орындарын уақытылы жоймағаны үшін Бәйтерек, Бөрлі, Теректі аудандары және Орал қаласы әкімінің орынбасарлары ҚР Әкімшілік құқық бұзушылық кодексінің 344-бабы 3-бөлігіне сәйкес жауапкершілікке тартылды. Олардың әрқайсысы қысқартылған тәртіппен 50 АЕК көлемінде (196,6 мың теңге) айыппұл төледі, - деді М.Ермекқалиев.

Оның айтуынша, аудан әкімдері заңсыз қоқыс орындарын уақытылы жоймаудағы негізгі себеп ретінде қаржыландырудың жеткіліксіз екендігін алға тартады.

- Тағы бір ерекше алаңдаушылық тудыратын мәселе – Чапаев, Казталов және Жалпақтал ауылдарында қатты тұрмыстық қалдықтар полигондарын салу жобалары көп жылдан бері жүзеге асырылмай келеді. Бұлардың техникалық-экономикалық негіздемесі мен жобалау-сметалық құжаттамасы әзірленген. Жалпы құны 1 млрд теңгеден аспайды. Соған қарамастан іске асырылмай отыр. Салдарынан соңғы жеті жылда облыс аумағында бірде-бір жаңа ҚТҚ полигоны пайдалануға берілмеген, - деп қосты М.Ермекқалиев.