$541.34 €640.73 ₽6.53
×

Зеленский мен Путин жақын арада кездесуі мүмкін

Зеленский мен Путин жақын арада кездесуі мүмкін

Владимир Зеленский Абу-Дабидегі үшжақты келіссөздер жақсы өткенін растады. Бейресми ақпарат бойынша Украина Президентінің Путинмен кездесуі де мүмкін.

Еуропа өз-өзін қорғай алмайды. НАТО Бас Хатшысы Марк Рютте, Трамп Альянс үшін керек, - деп Кәрі Құрлық елдерін сабырға шақырды. АҚШ Президентінің әкімшілігі болса, Миннесотадағы жаппай тәртіпсіздікке демократтарды кінәлап отыр. Шартараптағы соңғы жаңалықтарды Еркелді Тілеуқұл шолып шықты.

Путин мен Зеленский жақын арада кездесуі мүмкін. Абу-Дабиде өткен келіссөздерде Украина делегациясы үш Президент кездесуі керек деген тұжырымды алға тартқан. Тараптар келісімге келіп, тіпті, үлкен бейбіт саммитке дайындықты бастады. Бұл туралы Владимир Зеленский мәлімдеді.

ВЛАДИМИР ЗЕЛЕНСКИЙ, УКРАИНА ПРЕЗИДЕНТІ:

Украина, АҚШ, Ресей форматындағы алғашқы кездесу болды. Ол бірден жақсы нәтиже көрсетті деп білемін. Соғысты тоқтату, одан кейін бейбітшілікті сақтау секілді мәсмелелер талқыланды. Әлбетте, қорытындыны тек Президенттер шығара алады. Путинмен кездесу өте маңызды. Дегенмен, тәуелсіздігімізден бас тартпаймыз.

Еуропаның ортақ әскерін құрайық, Гренландияны Трамптан қоғап, оған қарсы тұрайық деген ұранды қойыңдар. НАТО бас хатшысы Марк Рютте осылай деді. Оның айтуынша, Альянстың ішіндегі алауыздық Путинге тиімді. Сондықтан, ауызбіршілікті сақтау керек.

МАРК РЮТТЕ, НАТО БАС ХАТШЫСЫ:

Еуропалық Одақ, тіпті, бүкіл Кәрі Құрлық болып өз-өзімізді қорғай аламыз десеңіздер, Армандапсың ақ тоқты, қыстың күні көк шөпті дер едім. АҚШ әскерінсіз біз ештеңе істей алмаймыз. Әлбетте, Еуропа елдері мен Канада Альянстың ортақ қорғанысы үшін көп күш жұмсай бастады. Дегенмен, оның барлығы жеткіліксіз.

Миннесотадағы екі адамның да қазасына жергілікті билік, демократтар кінәлі. АҚШ Президентінің баспасөз хатшысы осылай деді. Кэролайн Ливиттің айтуынша, губернатор мен қала мэры арандатып, адамдарды алдаған.

КЭРОЛАЙН ЛИВИТТ, АҚ ҮЙ БАСПАСӨЗ ХАТШЫСЫ:

Президент Трамп Америка көшелерінде адамдардың жарақаттанып, өлгенін қаламайды. Қаза болған Рене Гуд пен Алекс Преттиді өз міндетін абыроймен атқарып жүрген тәртіп сақшыларына қарсы қойған демократтар жауапты. Екі адамның қаны солардың мойнында. Федералды Тергеу Бюросы міндетті түрде істің ақ-қарасын анықтайды. Бәлкім, арандатушылардың артында жергілікті биліктің тұрғанын да дәлелдей алатын шығармыз.

Аргентинада қайтадан орман өрті басталды. Жаңа жылдың алғашқы көндері ауыздықталған тілсіз жау, енді Патагония елді-мекенінің жанында елді әбігерге салды. Бірер күннің ішінде 30 мың гектар орман толықтай жойылып кетті.