$541.34 €640.73 ₽6.53
×

Туристік аймақтарда дәретхана мен қоқыс жәшігі жоқ

Туристік аймақтарда дәретхана мен қоқыс жәшігі жоқ

Қазақстанға былтыр 1,5 млн шетелдік турист келген. Ал ішкі туризмнің дамуына 8,5 млн отандасымыз саяхаттап,  үлес қосқан.  Жаһандық индекс бойынша  Қазақстан 119 елдің ішінде 52-ші орынға тұрақтады. Салаға тартылған инвестиция көлемі 32 процентке өсті. Үкіметке берілген есепке қарасақ, бәрі – әдемі. Іс жүзінде курорттық аймақтардың жағдайы қандай?  Туримзнің шешімін таппаған мәселелерін тілші Айсәуле Съезбек тарқатады.

«Қазақстан туризмін әлемдік деңгейде жарнамалап жатырмыз. Былтыр елімізге «мен-мен» деген танымал жұлдыздар келіп, концерт берді»» деп бөсті «Kazakh Tourism»-нің басқарма төрағасы Талғат Ғазизов Үкіметке берген есебінде.  Бюджеттен бөлінген қаржыға компания былтыр 12 елдің 115 блогерін шақырған. Ал олар жариялаған 82 видеоконтент 32 млн қаралым жинаған. Соның арқасында Қазақстан туризм бойынша беделді платформаларда алға жылжыды, - дейді Ғазизов.

Ал Үкімет басшысы Олжас Бектеновтің шетелдіктерді елге шақыру жұмысына көңілі толмады. Ол интернетте Қазақ туризміне қатысты соңғы 4 жылдағы ақпараттар жаңартылмаған деп сөкті.  «Kazakh Tourism» басшысынан нақты нәтиже талап етіп, таразы басында оның лауазымы тұрғанын қатаң ескертті.

ОЛЖАС БЕКТЕНОВ, ҚР ПРЕМЬЕР-МИНИСТРІ:

Талғат Жанатұлы, сіз осы қызметке жаңадан келіп отырсыз. Бірақ соған қарамастан өзіңізден нақты нәтиже күтеміз. Нәтиже болса, әрі қарай жұмыс істей бересіз. Нәтиже болмаса, қоштасамыз, Келістік пе?

«Kazakh Tourism» жарнамаға аямай ақша құйып жатқанымен,  курорттық аймақтардың жағдайы мәз емес. Алакөлде былтырғы туристік маусым ішінде электр желісі 33 рет өшіп қалған. Жағалауға жақын демалыс үйлерін су басу қаупі төніп тұр. Орталықтандырылған кәріз жүйесі жоқ. Таза сумен қамтудың өзі мұң. Ал Бурабайда бітпейтін кептеліс. Автотұрақтары атымен жоқ. Жағажайларда құқтару бекетін былай қойғанда, қарапайым дәретхана мен қоқыс жәшігін таппайсың. Ұлы сөздің ұяты жоқ. Кейде туристердің табиғатта қажетін өтеуден басқа амалы қалмайды.

ЕРБОЛ МЫРЗАБОСЫНОВ, ҚР ТУРИЗМ ЖӘНЕ СПОРТ МИНИСТРІ: 

Жағажай аймақтары көбінесе жабдықталмаған. Және аймақтарға бөлінбеген. Бұндай жағдай барлық өңірге қатысты болып отыр. Өңірлер бұл мәселенің шешілгенін және жалпы саны 60 санитарлық-гигеналық тораптың орнатылғаны туралы есеп берді. Алайда қайта тексерген кезде олардың көбі жабық болды. Және желілерге қоспаған екен.

Премьер-министр туризмді тұралатып тұрған проблемаларды  шешетін жедел үйлестіру кеңесін құруға тапсырма берді. Оны орынбасары Аида Балаева басқарады. Кеңес бір ай ішінде туризмді дамытатын жаңа әдіс-тәсілдер әзірлеуі тиіс.