$541.34 €640.73 ₽6.53
×

Ақтөбеде 100-ге жуық отбасы жылусыз қалды

AstanaTV
27.01.2026ж. 19:00
Ақтөбеде 100-ге жуық отбасы жылусыз қалды

Қақаған қыста Ақтөбеде жүзге жуық отбасы жылусыз қалды. Қала шетіндегі бау-бақша тұрғындары аязды күні қалай жылынарларын білмей дал. Мәселені аймақтағы тілшіміз анықтады.

Ақтөбеде қақаған аяз. Термометр көрсеткіші –21 градус болғанымен, аяз –30 градусқа дейін сезіледі. Ал мына үйлерде жылу атымен жоқ. Бүрсең қаққан тұрғындар амалсыз электр жылытқышқа тәуелді. Себебі үйде кішкентай балалар бар. Қыс басталғалы аурудан көз ашпадық деген тұрғындар бүгін шыдамы таусылып, бас көтерді.

МАҚПАЛ МЕРГЕНБАЕВА, «НАУКА» БАУ-БАҚША ҰЖЫМЫНЫҢ ТҰРҒЫНЫ:

Біздің балдар ауырып жатыр. Біз мына газды қосу үшінбірталай ақша бергенбіз кезінде. Мына хозяин который щас жүрген адам ол айтады қазір контролировать етіп, енді-енді жұмым істеп жатырмын, дейді.Бірақ ол деген жазда дайындалу керек еді ғо.

НҰРАЙЫМ СЕМБАЕВА, «АЙБОЛИТ» БАУ-БАҚША ҰЖЫМЫНЫҢ ТҰРҒЫНЫ:

Ештеңе істемейді, бірақ ақшаны алып отыр. Халықты қосқан сайын ол ақша алады ол за подключение. Қазір бізде отопление жоқ үйде. Мұздап тұр. Батарея қатып қалады, оған кім жауап береді бізге?

Бұл аумақта 100-ден астам отбасы тұрады. Газ тарататын жүйе жекеменшік кәсіпкердің қолында. Тұрғындар оны әкімдіктің балансына өткізуді талап етіп отыр. Себебі жеке кәсіпкер мәселені шешуге асығар емес. Ал бұл аумаққа газ желісін тартқан кәсіпкер нысанды беруге келіспей отыр. Соның салдарынан тұрғындар орталық жылу жүйесіне қосыла алмай келеді. Ал саяжай төрағасы «жылу мәселесі шешіліп жатыр» деп мәлімдеді.

ДУНИЯМАЛЫ АЛИЕВ, БАУ-БАҚША ҰЖЫМЫНЫҢ ТӨРАҒАСЫ:

Олардың заңсыз ғимараттары бар. Облыгаз арқылы келіссөз жүргізіп, менің рұқсатымсыз техникалық шарттарды қабылдайды. Содан менде қысым көп жоғалады. Бір аулада екі үй бар.Кейбірінде үш үй бар.Оларға жылу керек. Ал нормативтер есептелмеген.

Алайда қыстың көзі қырауда бүрсеңдеп отырған көпбалалы әрі әлеуметтік осал топтағы отбасылар. Тұрғындар құр уәде емес, нақты шешім мен мерзімді талап етеді. Себебі қыс қаһарын күшейтсе, суықта қалған халықтың жағдайы одан әрі қиындай түсуі мүмкін.