Әлем футболының басты символы - FIFА кубогының түпнұсқасы Алматыға жеткізілді. Жаһандық турды Coca-Cola мен FIFA бірлесіп ұйымдастырды. 20 жылдық тарихы бар бірегей жоба биыл алтыншы рет өткізілуде. Әлемдік сапар барысында Кубок алты құрлықтағы 50 ел мен 75 қаланы аралайды. Қазақстандық жанкүйерлер үшін бұл — футбол мерекесінің атмосферасын сезінуге берілген ерекше мүмкіндік.
Coca-Cola — FIFA Әлем чемпионаты Кубогының жаһандық турын өткізуге эксклюзивті құқық алған жалғыз серіктес. Салмағы 6 келіден асатын, таза алтыннан жасалған трофей FIFA мұражайынан тек екі жағдайда ғана шығарылады. Соның бірі — дәл осы өтіп жатқан әлемдік тур.
СЕРКАН ДИЛЕК, «COCA-COLA KAZAKHSTAN» КОМПАНИЯСЫНЫҢ БАС ДИРЕКТОРЫ:
Елдерді таңдау кезінде біз көптеген факторларды ескердік. Нарықтың көлемі, халық саны, географиялық орналасуы, спортқа деген қызығушылық деңгейі. Қазақстан осы критерийлердің барлығына сай келеді. Ел клубтық деңгейде де, ұлттық құрама деңгейінде де жақсы нәтижелер көрсетіп жүр. Бірақ «Реалмен» ойын болмағанның өзінде және Чемпиондар лигасына жолдама алынбаса да, біз бұл елді турне бағдарламасына бәрібір қосар едік. Қазақстан футболының әлеуеті өте жоғары екеніне сенімдімін.
Трофейді көруге үш мыңнан астам жанкүйер жиналды. Кубок бірнеше сағат бойы қала тұрғындары мен қонақтарына көрсетілді. Осыдан кейін трофей халықаралық сапарын әрі қарай жалғастырды.
БЕКБОЛАТ БЕКТЕНҰЛЫ, ҚАЗАҚСТАН ФУТБОЛ ФЕДЕРАЦИЯ АКАДЕМИЯСЫНЫҢ МЕДИА-ОФИЦЕРІ:
Бүгінгі іс-шараға арнайы шақыртумен келдік. Әлем кубогын көруге. Бір жағынан Мацерати де өз көзімізбен көру бұйырыпты. Бұл іс шара көптеген балаларға көптеген футболшыларға әлем кубогын ұстап көруге және сол арқылы өзіне үлкен мотивация алуға үлкен құлшыныс. Және балалар осы арқылы болашақта әлем кубогын Қазақстанға алып келеді деген ойдамын.
Әлем кубогы — футбол тарихындағы ең беделді трофей. Оған тек әлем чемпиондары мен мемлекет басшылары ғана қол тигізе алады. Бұл кездесу жас буынға үлкен мотивация сыйлап, қазақстандық футбол жанкүйерлері үшін ұмытылмас сәт болып есте қалды.