АҚШ президенті Дональд Трамп Оңтүстік Кореядан импортталатын тауарларға салынатын кедендік баж салығын 15 пайыздан 25 пайызға дейін арттыру туралы шешім қабылдағанын мәлімдеді. Бұған ел парламентінің 2025 жылғы шілдеде жасалған сауда келісімін әлі күнге дейін ратификацияламауы себеп болған.
Тиісті мәлімдемені Ақ үй басшысы Truth Social әлеуметтік желісіндегі парақшасында жариялады.
Трамптың айтуынша, Оңтүстік Корея парламенті АҚШ-пен жасалған уағдаластықтардың талаптарын орындамай отыр. Ол бұл келісім 2025 жылғы 30 шілдеде президент Ли Чжэ Менмен жасалғанын және сол жылдың қазан айында оның Кореяға сапары кезінде расталғанын еске салды. Алайда құжат әлі күнге дейін бекітілмеген.
«Оңтүстік Кореяның заң шығарушы органы біздің тарихи сауда келісімімізді мақұлдамағандықтан, мен автокөліктерге, ағаш материалдарына, фармацевтикалық өнімдерге және басқа да тауарларға салынатын тарифтерді 15 пайыздан 25 пайызға дейін көтеремін», – деп жазды Дональд Трамп.
Ал Оңтүстік Корея президентінің әкімшілігі АҚШ үкіметінен әзірге ресми хабарлама немесе түсіндірме алмағанын мәлімдеді.