$541.34 €640.73 ₽6.53
×

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Қаржылық мониторинг агенттігінде жиын өткізді

28.01.2026ж. 14:22
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Қаржылық мониторинг агенттігінде жиын өткізді
фото: Ақорда

Президент сала мамандарын кәсіби мерекесімен құттықтап, осыдан бес жыл бұрын, ел ішінде ауқымды өзгерістер қолға алынып жатқан тарихи кезеңде құрылған Қаржылық мониторинг агенттігі өзіне жүктелген жауапкершілік пен міндетті абыроймен орындап келе жатқанына назар аударды.

– Жалпы, осындай қысқа мерзім ішінде көп жұмыс істелді, біраз тәжірибе жинақталды. Бүгінде Қаржылық мониторинг агенттігі еліміздің экономикалық және ұлттық қауіпсіздік жүйесінде маңызды рөл атқаратын дербес құрылымға айналды. Мұны табанды еңбек пен адал қызметтің нәтижесі деуге болады. Агенттік қызметкерлеріне ризашылығымды білдіремін. Бірақ босаңсуға болмайды. Себебі алдымызда биік мақсаттар мен ауқымды жұмыс бар. Әсіресе, қазір өте қарқынды дамып жатқан цифрлық технология мен жасанды интеллект дәуірінде жұмысқа түбегейлі жаңа көзқараспен қарау міндеті тұр. Бұл мәселе туралы «Turkistan» газетіне берген сұхбатымда және Ұлттық құрылтай отырысында анық айттым, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

 Президент құқық қорғау мекемелері, соның ішінде Қаржылық мониторинг агенттігі технологиялық тұрғыдан артта қалып қойса, бұл жағдай ұлттық қауіпсіздігімізге қатер төндіруі мүмкіндейді.

– Цифрлық тәсілдерді және жасанды интеллект жүйесін Агенттік қызметіне жаппай енгізу – кезек күттірмейтін аса маңызды міндет. Онсыз тиімді жұмыс болмайтыны анық. Қазір күштік құрылымдар мен қылмыс әлемінің арасындағы күрес технологиялық тұрғыдан мүлде басқа сипатқа ие болды. Қарақшылар, яғни қылмыскерлер жасанды интеллектіні белсенді пайдаланатын болды. Оны сіздер жақсы білесіздер. Құқық қорғау мекемелері, соның ішінде Қаржылық мониторинг агенттігі технологиялық тұрғыдан артта қалып қойса, бұл жағдай ұлттық қауіпсіздігімізге қатер төндіруі мүмкін. Заман талабына сай озық болу үшін, ең алдымен, дұрыс шешім қабылдап, тиімді әрекет етуіміз керек. Құқық қорғау органдары тиянақты, белсенді жұмыс істеп, озық цифрлық шешімдер арқылы елдегі өзгерістердің жедел және сапалы іске асуына септігін тигізуі мүмкін. Бұл ауқымды экономикалық жаңғыру жолына бет бұрған Қазақстан үшін өте маңызды қадам болмақ, – деді Мемлекет басшысы.

Президенттің айтуынша, қаржыны криптовалютаға айналдырып, шетелге шығару жағдайлары да азаймай тұр.
 

– Біз елімізді дамытуға арналған қаражатты тиімді жұмсаудың амалын іздеп қиналамыз. Бірақ соған қарамастан әлеуметтік салаға бөлінген триллиондаған теңге қаржыны жымқыратын алаяқтар бар, тіпті, аз емес деп айтуға болады. Бұл – мүлде ақылға сыймайтын жағдай. Мұндай кеселді түп-тамырымен жою керек. Қаржыны криптовалютаға айналдырып, шетелге шығару жағдайлары да азаймай тұр, ондай заңсыздыққа тосқауыл қою қажет. Мұндай теріс ахуал экономикаға орасан зор зардабын тигізуде. Түптеп келгенде, көлеңкелі экономикамен үзілді-кесілді күресу керек. Бұл да – өте өзекті, аса маңызды міндет. Қаржылық мониторинг қызметінің алдында тұрған міндет белгілі: бұл – мемлекет қаржысының тек қана ел игілігіне жұмсалуын қадағалау. Осы маңызды міндеттің сапалы іске асуы сіздердің қызметтеріңізге тікелей байланысты, – деді Мемлекет басшысы.

Қасым-Жомарт Тоқаев мемлекет Агенттік қызметкерлерінің тиімді әрі алаңсыз жұмыс істеуі үшін қажетті жағдай жасап жатқанын жеткізді.
 

– Кадрлық құрам ұлғайып, нығая түсті, материалдық-техникалық қор жақсарды. Жалақы көтерілді, баспана берілді, жалпы, көптеген әлеуметтік мәселе шешімін тапты. Керек болса, Агенттік жүйесіне үш генерал шенін қосуға болады деп ойлаймын. Бұл шешім облыстарда жұмыс істеп жүрген нағыз үздік қызметкерлердің мәртебесін көтеруге мүмкіндік береді. Енді тек білек сыбана жұмыс істеу керек. Әрине, нақты жетістіктер де бар. Халықаралық ынтымақтастық нығайып келеді. Еліміз Financial Action Task Force ұйымының тексерісінен сәтті өтті. Қазақстан 2023 жылдан бері «Эгмонт» тобының қаржылық барлау бірлестігінде Еуразия аймағының мүддесін қорғайды. 20 ірі криптобиржамен сындарлы серіктестік орнатылды. Елімізде блокчейн-талдаумен айналысатын «Криптон» арнайы құрылымдық бөлімшесі ашылды. Бұл – Орталық Азия елдерінде құрылған осындай алғашқы бөлімше. Былтыр қаржыны қолма-қол ақшаға айналдыратын 200-ге жуық жалған компания әшкереленді. Олардың заңсыз айналымдағы қаражаты 500 миллиард теңгеден асады. Сексеннен астам қылмыстық топ құрықталды. 100-ден астам қаржы пирамидасы жойылды. Мұның бәрі еліміздің экономикалық қауіпсіздігін нығайта түскені сөзсіз, – деді Президент.