$541.34 €640.73 ₽6.53
×

Қасым-Жомарт Тоқаев заңды тұлғалардың күмәнді табыстарды заңдастыруына қатысты жазаны күшейтуді тапсырды

28.01.2026ж. 14:34
Қасым-Жомарт Тоқаев заңды тұлғалардың күмәнді табыстарды заңдастыруына қатысты жазаны күшейтуді тапсырды
фото: Ақорда

Есірткі бизнесімен күресті күшейту қажет. Бұл туралы Президент қаржылық мониторинг агенттігінде өткен жиында айтты. 

-Өкінішке қарай, қазір есірткі саудасынан түскен табысты тексеру жұмысының тиімділігі төмен. Қылмыскерлердің заңсыз жолмен тапқан жеке мүлкімен қатар, басқа адамдардың атына рәсімдеген мүлкі де мемлекетке қайтарылуға тиіс. Қысқасы, қылмыстық жолмен иемденген мүліктің бәрін тәркілеу мәселесін мұқият пысықтаған жөн. Заңды тұлғалардың күмәнді табыстарды заңдастыруына қатысты жазаны күшейту керек. Бұл қадам халықаралық стандарттарға толық сай келеді, – деді Мемлекет басшысы.

Президент Агенттік алдында көптеген күрделі әрі маңызды міндет тұрғанын атап өтті.

- Сіздерге жүктелетін жауапкершілік – өте жоғары. Агенттік Бас прокуратурамен, Ұлттық қауіпсіздік қызметімен, Ішкі істер министрлігі секілді басқа да құқық қорғау органдарымен үйлесімді әрекет етуі керек. Олар да Қаржылық мониторинг агенттігіне қолдау көрсетуге тиіс. Құзыреттік міндеттердің қайталануы, жөн-жосықсыз бәсеке, бақталастық мемлекет мүддесіне зардабын тигізеді. Әлемде стратегиялық белгісіздік белең алған қазіргідей жағдайда бұл өте қауіпті. Дұшпандарымыздың ұлттық мүддемізге зиян келтіруіне жол беруге болмайды. Үнемі айтамын: «Тәуелсіздік – бәрінен қымбат». Мұны баршамыз, Қаржылық мониторинг агенттігінің қызметкерлері әрдайым есте ұстауы керек. Әр қызметкер, ең алдымен, адал азамат және мықты маман болуға тиіс. Ар тазалығын сақтау, Отан алдындағы антқа берік болу – парыз. «Заң мен тәртіп» қағидаты – көпшілікке қарата айтылған ұран емес, бұл – әрбір мемлекеттік қызметшінің, әрбір адамның өзінен басталуға тиіс саналы қадам. Біз Әділетті, Қауіпсіз, Күшті, Таза әрі Озық Қазақстанды құрып жатырмыз. Ауқымды өзгерістердің келесі – шешуші кезеңіне қадам бастық. Конституциялық реформаны қолға алдық, бүгінде Комиссия белсенді түрде жұмыс істеп жатыр. Барлық ұсыныс мұқият сарапталады, түзетулердің жобасы әзірленеді. Халық бұл жобамен танысып, референдумда түбегейлі шешім қабылдайды. Осылайша, елімізде жаңа қоғамдық-саяси жүйе қалыптасады. Ел ішіндегі тұрақтылықты сақтауға, инвестициялық ахуалды жақсартуға және халықтың әл-ауқатын арттыруға арналған жұмыс тың қарқынмен жалғасады, – деді Мемлекет басшысы.