$541.34 €640.73 ₽6.53
×

Конституциядағы 77 бапқа түзету енгізіледі, бұл Ата Заң мәтінінің 84%-ы – Конституциялық комиссия

28.01.2026ж. 19:00
Конституциядағы 77 бапқа түзету енгізіледі, бұл Ата Заң мәтінінің 84%-ы – Конституциялық комиссия

Мемлекеттің біртұтастығы, Қазақстан аумағының тұтастығы, бөлінбейтіндігі және оған қол сұғылмаушылығы туралы норма өзгеріссіз қалады. Конституциялық реформа жөніндегі комиссияның кезекті отырысында құжатқа енгізілуі мүмкін нормалар таныстырылды.

Енді Ата Заң мәтінінің 84 проценті өзгеруі мүмкін. 77 бапқа түзету енгізіледі. Екі жаңа бөлім қосылады. Бас-аяғы 11 бөлім мен 104 баптан тұрады. Президент, Үкімет жұмысына қатысты да нормалар жаңашаланды. Адам құқығы мен бостандығы туралы бөлімде де біраз өзгеріс бар. Толығырақ Аружан Задабек түсіндірсін.

Ата Заң 30 жылда 6 рет өзгерді. Нәтижесінже 55 бапқа 1100-ден астам толықтыру енгізілген. Ендігі болатын жаңашылдық, тіптен, бөлек, Бұған дейін өткен референдумдарда ең көбі 33 бапқа өзгеріс енгізілсе, ендігі құжатта 77 бап түрленеді. Яғни, конституция мәтінінің 84 проценті жаңарады. Демек, құжаттық барлық бөлімі өзгеше сипат алады.

БАҚЫТ НҰРМҰХАНОВ, ҚР КОНСТИТУЦИЯЛЫҚ СОТ ТӨРАҒАСЫНЫҢ ОРЫНБАСАРЫ:

Конституция бөлімдерінің атауларын өзгерту немесе баптардың мазмұнын нақтылау жай ғана редакциялық түзету емес. Бұл тұжырымдамалық ұстанымдарды өзгертетін, құқықтық нақтылықты күшейтетін негізгі заңның сапасын арттыратын маңызды әрі терең ойластырылған қадам.

Жаңа сипат алатын Ата Заңда 11 бөлім мен 104 бап болады. Екі жаңа бөлім енгізілді. Олардың атауы – халық кеңесі және «Конституцияға өзгерістер мен толықтырулар енгізу».

Енді негізгі өзгерістерге тоқталайық. Жаңа бір палаталы Парламент моделі енгізіледі, азаматтардың мемлекеттік басқаруға қатысу мүмкіндіктері кеңейеді, Конституциялық соттың құқық қорғау тетіктері мен Ата заң негізінде құқық үстемдігін қамтамасыз ету бойынша қызметінің тиімділігі артады. Ең бастысы, құжат кіріспесі толық жаңарады. Ал «Конституциялық құрылым негіздері» бөлімінде мемлекеттің егемендігін, аумақтық тұтастығын бекітетін негізгі ережелер көрсетіледі.

БАҚЫТ НҰРМҰХАНОВ, ҚР КОНСТИТУЦИЯЛЫҚ СОТ ТӨРАҒАСЫНЫҢ ОРЫНБАСАРЫ:

Онда негізгі заңды қабылдаудың іргелі мақсаттары, қағидаттары, құндылықтары мен уәждер айқындалған. Мемлекеттің миссиясы, оның тарихи сабақтастығы мен қоғамдық бағдарды айқындайтын мәдени ерекшеліктері көрсетілген. Бұл ережелер жиі қайта қарауға жатпайды және ұзақмерзімді перспективада өзектілігін сақтайды.

Ата Заңдағы адамның жеке басына қатысты нормалар айтарлықтай күшейтіледі. «Миранда ережесі» бекітілді. Неке мен отбасы құндылықтары конституциялық деңгейде күшейтіледі. Жаңа құжатта адам – ең жоғары құндылық, ал оның құқығы мен бостандығы – басты талап. Аты өзгерген «Сот жүйесі. Прокуратура. Құқық қорғау тетіктері» бөлімінде да түзетулер жетерлік. Енді адвокатураның мәртебесі Конституцияда жеке бапта бекітіледі.

БАҚЫТ НҰРМҰХАНОВ, ҚР КОНСТИТУЦИЯЛЫҚ СОТ ТӨРАҒАСЫНЫҢ ОРЫНБАСАРЫ:

Цифрлық дәуірде дербес деректерді қорғау, тұлғаның ар-намысы мен қадір қасиетін құрметтеу, әлеуметтік құқықтар күшейтілді. Құқықтық айқындық қағидаты заңнама жүйесіне арқау болып қала бермек.

«Президент» бөлімінің ережелері қайта қаралды. Нақтырақ, президенттік сайлау мен ант беру рәсімінің мерзімі, Мемлекет басшысының Құрылтаймен, Үкіметпен және басқа да мемлекеттік органдармен өзара іс-қимылы аясындағы өкілеттіктері, сондай-ақ кадр мәселелері мен норма шығару функциялары өзгереді. Бөлімге вице-президенттің құқықтық мәртебесі мен өкілеттіктеріне арналған жаңа норма енгізіледі.

Үкіметке қатысты да ауқымды өзгерістер бар. Бөлімнен қос палаталы Парламентке қатысты ережелер алып тасталды. Жаңа палата,яғни, Құрылтайға қатысты баптардың барлығы дерлік өзгереді. Төрағасының лауазымына қатысты мәселелер жеке бапта реттелді. Заң жобаларын қарау және қабылдау рәсімдерін реттейтін ережелер де қайта қаралды. Ал Халық Кеңесіне қатысты мәселелер жеке бөлімде шоғырланған.  Енді бұл орган заң жобаларын енгізу, референдум тағайындау құқығына ие болады.

БАҚЫТ НҰРМҰХАНОВ, ҚР КОНСТИТУЦИЯЛЫҚ СОТ ТӨРАҒАСЫНЫҢ ОРЫНБАСАРЫ:

Заң шығарушы органның өкілеттіктері мұқият қайта қаралды. Құрылтайдың сессиялары мен қызметін ұйымдастыруға қатысты барлық баптар жаңартылды. Заң шығару бастамасы құқығы бар субъектілердің тізімі кеңейтілді. Құрылтай қабылдаған заңдармен реттелетін негізгі қоғамдық қатынастардың тізімі кеңейтілді.

Бұл – жоспар. Ұсыныстардың қабылданып, не қабылданбайтынын Референдум анықтайды. Соңғы шешім халықта. Әзірге, комиссия мүшелері ұсынған бұл жобада Ата Заңның барлық бөлімі дерлік өзгерген.