Елде сенімге кіріп, қалтаны қағатындар көбейген. Тредс желісінде танысқысы келетіндер қаптап кеткен. Барлығы "жар іздеймін", "танысқым келеді" деген жазба жариялайды. Алайда әлеужеліден басталған "махаббат" сан соғып, тақырға отырумен аяқталуы мүмкін.
Жүзін жасырып, атын өзгертуді өтінген бұл келіншек 27 жаста. 2 баланы жалғыз тәрбиелеп отырған ол әлеуметтік желі арқылы жанына демеу болар ер-азамат іздеген. Жолы болып, парақшасы әдемі әрленген жігітке жолыққан. Сөз саптауы да келісі кеткен. "Ерекше жансың" деп жылы сөздерімен баурап алған.
АИДА, АЛМАТЫ ҚАЛАСЫНЫҢ ТҰРҒЫНЫ:
Содан кейін 1 апта өтпей жатып даже болашақ жайлы сөйлесе бастадық. Бір күні аяқ астынан қиын жағдайға тап болдым, шұғыл ақша керек деп жатыр да. Ауырып жатқан туысым бар еді, картаға ақша саласың ба деген сияқты әңгімелер кете бастады. Ертең қайтарам деді. Мен видеозвонокпен звондайын десем, түрлі сылтау айтып кетті. Содан кейін менде уже күмән туа бастады.
Аида әрбір қадамын абайлап жасады. Сан соғып қалмады. Әйтпесе, мұндай жазба желіде желдей есіп жүр. Мамандар ашық алаңда тек шынайы ниеттегі жандар ғана емес, кәсіби сценариймен жұмыс істейтін алаяқтар да отыруы мүмкін екенін айтады. Дегенмен алданғандардың бәрі бірдей полицияға жүгінбейді. Көпшілігі ұялып, үндемей қалады. Ал бұл алаяқтардың жазасыз қалуына жол ашады.
ШҰҒЫЛА ТҰРЛЫБЕК, ҚР ІІМ БАСПАСӨЗ ХАТШЫСЫ:
Алаяқтар хат алмасу арқылы сенімге кіре отырып, сізден ақша жіберуді немесе қаражатты шетелдік криптоәмияндарға салуды немесе үшінші тұлғалар арқылы аударып жіберуді өтінуі мүмкін. Мұндай жағдайда дереу хат алмасуды тоқтату керек. Бөтен адамдарға банктік шотты, жеке фотосуреттерді жіберуге болмайды.
Мамандардың айтуынша, кибералаяқтар көбіне жалғызбасты немесе эмоциялық қолдауға мұқтаж адамдарды нысанаға алады. Алдымен сенімге кіріп, ерекше көңіл бөліп, болашақ туралы әңгіме қозғайды. Психологтар мұны “эмоциялық ілмек” деп атайды.
РАУАНА САҒАДИЕВА, ПСИХОЛОГ:
Олардың басты екі қаруы бар. Бірінші - логикамен эмоциямен жұмыс жасайды. Екінші манипуляция жасайды. Сондықтан алаяқтардың тұзағына түсетін көбінесе психоэмоционалдық әлсіз адамдар.
Ресми дерекке сүйенсек, өткен жылы Астананың өзінде сезімге сеніп, шығынға ұшырағандар саны оннан асқан. Бұл – тек тіркелген жағдайлар. Ал арыз жазбағандар қанша екені белгісіз. Сондықтан мамандар виртуалды таныстықта сақ болуға шақырады.