Конституцияның адамның жеке басына қол сұқпаушылық, адамның негізгі құқықтарын қорғау және сот билігінің тәуелсіздігіне қатысты нормалары айтарлықтай күшейтіледі. Конституциялық сот төрағасының орынбасары Бақыт Нұрмұханов ұсынылған өзгерістердің басты тұстарына ерекше тоқталып, "Негізгі құқықтар, бостандықтар мен міндеттер" атты бөлімнің жаңа атауы қарастырылған мәселелерді толық қамтитын атап өтті. Бұл ретте ұсынылған новеллалар адамның ең жоғары құндылық екені туралы қағидатқа сүйене отырып, құқықтар мен бостандықтарды іске асыру және қорғау кепілдіктерін күшейтеді және толықтырады.
"Бұл өмір сүру құқығын абсолюттік дәрежеге көтеру, адамға бағдарланған саясат, адамның жеке басына қол сұғылмаушылық пен "Миранда ережесінің", цифрлық дәуірде жеке мәліметтерді қорғау, ар-намыс пен қадір-қасиетті қорғауды күшейту, әлеуметтік құқықтар мен құқықтық анықтық қағидаттарын бекіту деген сөз", – деді Бақыт Нұрмұханов.
Бақыт Нұрмұхановтың айтуынша, Конституцияда неке мен отбасы құндылықтарын, сондай-ақ қоршаған ортаны қорғау міндеттемелері күшейтіледі.
"Аты өзгерген "Сот жүйесі. Прокуратура. Құқық қорғау тетіктері" бөлімінде айтарлықтай өзгерістер көзделген. Оған сот ісін жүргізу нысандарын кеңейтуге, әділеттілік пен сот тәуелсіздігінің конституциялық қағидаттарын нығайтуға, сондай-ақ сот жүйесіндегі кадр мәселелеріне қатысты сот мәселелері бойынша маңызды түзетулер кіреді", – деді Бақыт Нұрмұханов.