Венесуэла келісімді бұзса, қайтадан басып кіреміз. Ал, Гренландияны отарлау бойынша Даниямен келіссөздер сәтті жүріп жатыр. АҚШ мемлекеттік хатшысы Марко Рубио сенаторлардың ә дегеніне, мә деп жауап берді. АҚШ Конгрессінің Жоғарғы палатасы Трамптың басқыншылық саясатына дәл осы Рубио жауапты деп санайды. Ал, Өкілдер палатасының мүшесі, өзін өлтіруге Трамп жендеттер жібергенін айтып, көпшіліктен көмек сұрады. Шартараптағы соңғы жаңалықтарды Еркелді Тілеуқұл шолып шықты.
АҚШ кез-келген сәтте Венесуэлаға қайта шабуылдай алады. Бұл туралы мемлекеттік хатшы Марко Рубио мәлімдеді. Сыртқы саяси ведомство басшысының айтуынша, әзірге барлығы жақсы. Бірақ, қазіргі Президент міндетін атқарушы Делси Родригес мұнайды сатпай қойып, қыңыр әрекетке барар алдында жақсылап ойланғаны жөн.
МАРКО РУБИО, АҚШ МЕМЛЕКЕТТІК ХАТШЫСЫ:
Президент Трамп Ұлттық қауіпсіздігіміз үшін барлығына барады. Әзірге күш қолданатын ойымыз жоқ. Қазіргі билік, біздің мұнай өндірісімізге кедергі келтірген жағдайдың өзінде алдымен дипломатияға жүгінеміз. Оның да пайдасы болмаса, Венесуэла билігі үшін жағдай қиын.
Гренландия мәселесі келіссөз арқылы шешіліп жатыр. Жақын арада жақсы нәтиже көріп қаламыз. Марко Рубио Сенаторларға осындай хабар берді. Сонымен қатар, аралға қатысты ешқандай әскери күш қолданылмайды деп уәде берді.
МАРКО РУБИО, АҚШ МЕМЛЕКЕТТІК ХАТШЫСЫ:
Мен сіздердің алдарыңызда жауап беріп отырған сәтте делегацияларымыз арасында техникалық келіссөздер жүріп жатыр. НАТО бас хатшысымен кездескенде барлығын жайғастырып қойдық. Дания мен Гренландия және АҚШ мүддесі де толық қорғалып, ешбір сұрақ жауапсыз қалмайды.
Трамп мені өлтіруге жендеттерін жіберді. Конгресс мүшесі Ильхан Омар осылай деп ағынан жарылды. Оның айтуынша, Президенттің имиграциялық саясатын сынағаны үшін қысымға ұшырап жатқанын айтты. Бастысы, өзі сөйлеп отырған кезде, белгісіз біреу келіп, қару кезенбек болған. Күзет дер кезінде араласып қана аман қалды.
ИЛЬХАН ОМАР, АҚШ КОНГРЕССІ ӨКІЛДЕР ПАЛАТАСЫНЫҢ МҮШЕСІ:
Менің телефоныма көптеген хабарламалар келіп жатыр. Мені өлтіремін дейтіндер көп. Бұның барлығын Президент Трамп жасап отырғанына сенімдімін. Өз өмірім үшін қорықсам да, шындықты айтып өлемін. Трамп болса, сынды көтере алмайды. Мемлекет басқаруға лайық емес.
Енді америкада туылған әр нәрестенің жеке инвестициялық шоты ашылып, оған жеке тұлғалар ақша салады. Трамп жаңа жобаның басталғанын хабарлады. Ең қызығы Президент бұл мәселеде танымал реп-орындаушы Ники Минажбен күш біріктірді. Идеяның авторы да сол.