$541.34 €640.73 ₽6.53
×

Мектептерде ауыл шаруашылығы сыныбы ашылады

Мектептерде ауыл шаруашылығы сыныбы ашылады

Қазақстан мектептерінде фермерлік істің негіздері мен агроөнеркәсіп секторында жұмыс істеуді үйрететін «агросыныптар» ашу жоспарланып отыр. Пилоттық жоба еліміздің үш өңірінде іске қосылады. Бұл туралы Мәжіліс жанындағы Аграрлық мәселелер жөніндегі комитеттің отырысында ауыл шаруашылығы вице-министрі Аманғали Бердалин мәлімдеді.

«Қазақстанда салалық қажеттіліктерді ескере отырып, колледждермен, университеттермен және жұмыс берушілермен ынтымақтастықта агросыныптарды енгізу қажет деп санаймыз. Пилоттық режимде мұндай сыныптарды Ақмола, Солтүстік Қазақстан және Қостанай облыстарында ашу жоспарлануда», — деді Аманғали Бердалин.

Вице-министрдің айтуынша, агросыныптар жастарды бұл салаға тартып, білікті мамандар даярлауға септігін тигізеді. Мұндай сыныптар оқушыларға ауыл шаруашылығы саласында тәжірибе жинақтауға мүмкіндік береді, ал олардың түлектері университетке түсу кезінде грант алуға басым құқыққа ие болады.

Сондай-ақ, ауылдық жерлерде кемінде үш жыл жұмыс істеу міндетімен білім беру гранттарына квота енгізу мәселесі пысықталып жатыр. Сонымен қатар студенттер заманауи практикалық дағдыларды меңгеруі үшін жоғары оқу орындарының материалдық-техникалық базасын күшейту көзделген.

Бұдан бөлек, вице-министр малшылар мен шопандардың балалары үшін ҚР Қорғаныс министрлігінің Әскери-техникалық мектебінде әскери дайындықтан өту немесе баламалы қызметті қолдану мүмкіндігі қарастырылып жатқанын хабарлады.

Сондай-ақ, Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігімен бірлесіп, малшылар мен шопандарға 55 жасқа толғанда арнайы әлеуметтік төлемдер тағайындау мәселесі қарастырылып жатыр.