Жүргізуші куәлігін заңсыз жолмен алуға тырысқан ақтөбеліктер алаяқтың құрбаны болды. Көптеген ескертулерге қарамастан, азаматтар бейтаныс адамдарға сеніп, жүргізуші куәлігін заңсыз жолмен алуға тырысуда. Алаяқтың арбауына Ақтөбе қаласының үш тұрғыны түсіп, олар жүргізуші куәлігін заңда белгіленген тәртіпті айналып өтіп алмақ болған. Жедел-іздестіру іс-шаралары барысында полиция қызметкерлері жүргізуші куәлігін алуға көмектесемін деп уәде берген 55 жастағы Ақтөбе қаласының тұрғынын анықтап, ұстады. Күдікті үш жәбірленушінің әрқайсысынан 500 мың теңгеден алып, ақшаны жеке қажеттіліктеріне жұмсаған. Аталған дерек бойынша қылмыстық іс қозғалып, сотқа дейінгі тергеп-тексеру жүргізілуде.