Президент бизнес өкілдері корпоративтік волонтерлік қызметке назар аударып, осы бағыттағы жобаларға барынша қолдау көрсетуі керек екенін айтты.
”Корпоративтік еріктілер қозғалысын дамыту – өте маңызды міндет. Бизнес әлеуметтік жауапкершілікті сезіне білуге тиіс. Мемлекетіміз ұлттық буржуазияны үнемі қолдауда, ал біздің кәсіпкерлер халқымызға қамқор болып, әрдайым көмектесуі керек. Тарихта мұндай мысалдар аз емес. Бақуатты азаматтар мектеп салып, оқу-ағарту ісін дамытуға үлес қосқан. Кітаптар, газет-журналдар шығаруға, халықтың сауатын ашуға зор еңбек сіңірген. Бір сөзбен айтқанда, ұлттың бойында, болмысында жаңа қасиеттер қалыптастыруға белсене атсалысқан. Қазір де көптеген жомарт жанды азаматтарымыз бар. Олар қайырымдылық және басқа да әлеуметтік маңызы бар шараларға еріктілерді көптеп тартатын болды. Бизнес өкілдері корпоративтік волонтерлік қызметке назар аударып, осы бағыттағы жобаларға барынша қолдау көрсетуі керек. Қызметкерлердің қоғамдық жұмысқа белсене атсалысуына жағдай жасауы қажет. Мемлекет жұртқа жақсылық жасап, қоғамдық істерге ұйытқы болып жүрген кәсіпкерлерді қолдайды. Сондықтан мен былтыр арнайы «Мейірім» орденін тағайындау туралы шешім қабылдадым. Бұл марапат халықтың қамын ойлайтын отаншыл азаматтарға деген шынайы құрметтің белгісі болмақ”, – деді Президент.
Мемлекет басшысы волонтерлер форумы елдің тағдыры, ұлттың болашағы айқындалатын шешуші сәтте өтіп жатқанына назар аударды.
«Мен былтырғы Жолдауымда алдағы саяси жаңғырудың негізгі бағыттары туралы ұсыныстарымды айттым. Бұл бастамалар қоғамның кең қолдауына ие болды, оны бүкіл ел болып талқыладық. Жарты жылдан бері конституциялық реформаға қатысты қызу пікірталас жүріп жатыр. Партиялардан, депутаттар мен сарапшылардан, заңгерлер мен қоғам белсенділерінен мыңдаған ұсыныс келіп түсті. Онда мемлекеттің институционалдық негіздерін өзгертуден бастап, Ата Заңның мәтінін редакциялауға дейін, өте көп мәселе қамтылды. Азаматтардың белсенділігін ескере отырып, мен Ұлттық құрылтайдың Қызылордадағы отырысында бірқатар бастаманы жұртшылықтың назарына ұсындым. Оның бәрі бүкіл мемлекетті басқару жүйесін тиімді, орнықты әрі теңгерімді етуді көздейді. Барша әлем өзгеріп, заман бұлыңғыр болып тұрған қазіргі алмағайып кезеңде, бұл – өте маңызды мәселе», – деді ол.