$494.87 €520.65 ₽4.91
×

Отшашудан зардап шегу фактілері едәуір азайған

AstanaTV
03.01.2018ж. 20:00
3472
Отшашудан зардап шегу фактілері едәуір азайған

Жаңа жыл мерекесін тойлаған қазақстандықтар 4 күн бойы демалды. Осы күндері, өкінішке орай, оқыс оқиғалар да кездескен. Жылдағы әдет бойынша бірқатар тұрғындар отшашу атамыз деп күйіп қалған. Арасында тіпті ауруханаға түскендері де бар. Сондай-ақ түрлі қылмыстар мен жол апаттары да тіркелді. Қазір аймақтардағы тілшілеріміз жағдайды баяндауға дайын. Алдымен Алматыдағы әріптесім Олжас Нұржақып сөз алады.

Олжас Нұржақып, тілші:  

Мегаполис тұрғындары мерекені жақсы көңіл-күймен өткізсе де, өкінішті жайттар бар. Бүгінге дейін қаладағы ауруханаларға 24 адам қаралған. Оның 13-і ересектер болса, 11-і - бала.

Денсаулық сақтау басқармасы басшысының орынбасары бұл өткен жылмен салыстырғанда әлдеқайда төмен көрсеткіш дейді. Былтыр Жаңа жыл кезінде 38 адам аурухана  жағалапты. Олардың төртеуі ауыр халде жеткізілген. Осы жылы көзіне зақым келген және күйік шалған 3 адам  аурухана төсегіне таңылды.

Нұржан Исабеков, Алматы қаласы денсаулық сақтау басқармасы басшысының орынбасары:

Оның бірі Алматы қалалық орталық клиникалық ауруханасына жатқызылды. Көз алмасының зақымдалуына байланысты. Екі жасөспірім Алматы қаласындағы балалар ауруханасына жатқызылды. Екеудің бірінде қолында жарылғыш зат жарылуынан күюі, екіншісінен көз алмасының күюі байқалған. Қазіргі жағдайда үш науқастың жағдайы жақсарған. Қалған науқастар жергілікті емханада емделіп үйіне жіберілді.

Ауруханаға жатқызылған жандар тағы бес күн ем қабылдайды. Содан кейін ғана өз үйлеріне жіберілмек.

Олжас Нұржақып, тілші:

Ал, төтенше жағдайлар департаменті берген мәліметке сүйенсек, осы жылғы жарақат алғандар санының азаюы жүйелі түсіндіру жұмыстарын жүргізуден деп отыр. Тіпті, заңсыз пиротехникалар сатылымына тоқтау қойылып, рейдтік іс-шаралар барысында 3 жарым мың келіге жуық сертификатталмаған өнім тәркіленген. Біздегі жағдай осындай. Ал Шымкентте ахуал қалай екен, сөзді әріптесім Айзада Төребекқызына беремін.

Айзада Төребекқызы, тілші:

Иа, Олжас, Шымкентте отшашудан зардап шегу фактісі алдыңғы жылдармен салыстырғанда едәуір азайған. Дәрігерлер осылай дейді. Тек үлкендердің бақылауынсыз  қалып, жарылғыш-тарсылдақтарды өз бетінше ату кезінде тоғыз бала әртүрлі дәрежеде жарақат алыпты.

Мерекелік демалыс күндері облыстық клиникалық балалар ауруханасына жеткізілген жасөспірімдердің сегізі алғашқы көмектен соң үйлеріне жіберілген. Жеңіл жарақат алған олар алдағы күндері дәрігерлердің бақылауында болады. Ал жаңа жыл түні  жедел жеткізілген бес жасар бүлдіршін әлі ауруханада.

Нұрдәулет Оралбаев, ОҚО балалар клиникалық ауруханасының дәрігері:

Тиісті емін қабылдап жатыр бөлімшеде. Диагнозы қазіргі  термиялық күйік, жарылғыш затпен,  1-2-3-ші дәрежесі, 2 пайыз , екі аяғы күйген. Жағдайы орташа ауырлықта.

Биыл ересектер тарапынан отшашудан зардап шегу бойынша шағым болмаған. Облыстық көз аурулары ауруханасына жүгінгендер тек тұрмыстық жағдайда жарақат алған.  Есесіне, мерекелік демалыс күндері қылмыс саны аз болмапты. Соңғы  үш тәулікте  орын алған жүзге тарта қылмыстың беті ашылды. Соның бірі кісі өлімі. Сайрам ауданының 45 жастағы тұрғыны азаматтық некедегі әйелін қызғаныштан ұрып өлтірген. 

Айзада Төребекқызы, тілші:

Бұдан бөлек мереке күндері алты жол апаты тіркеліп, салдарынан 3 адам қаза тапты. Алты адам түрлі дене жарақатын алған. Аймақта жаңа жылдық қарбаласты пайдаланып ұрлық қылғандар да тәртіп сақшыларынан қашып құтыла алмады.  Ал елордадағы ахуал қалай екен, ендігі кезекті астаналық әріптесіме беремін. Диана сөз кезегі өзіңде. 

Диана Сапарқызы, тілші:

Иа, Айзада, Астанада базарлардың маңындағы 175 нысан тексерілген. Полицейлер заңсыз пиротехника сатуға жол бермеу мақсатында арнайы рейд жүргізді. Ішкі істер департаменті өкілінің хабарлауынша, тексеру нәтижесінде тарсылдақтарды рұқсатсыз сату бойынша 55 факті тіркелген. 7 мың пиротехникалық заттар тәркіленді. 47 саудагер әкімшілік құқық бұзушылық дерегі бойынша жауапқа тартылды

София Қылышбекова, Астана қаласы ІІД баспасөз хатшысы:

Құжатсыз немесе жасанды пиротехника қолданбау мақсатында рейд жүргізген болатын. Сонымен қатар, тиісті құжаттары  жоқ соымен қатар осы пиротехниканы сатуға рұқсат берілмеген орындарды анықтау мақсатында рейд жүргізіп, оның нәтижесі қорытындыланды.

Ал Қарағандыда жаңа жылдық отшашудан 4 тұрғын зардап шеккен. Олардың  үшеуі - бала.  8-10 жас аралығындағы жеткіншектер аулада жатқан отшашу қалдықтарын қайта жағамыз деп қолы мен денесін күйдірген. Қазір ауруханада жатыр. Дәрігерлердің айтуынша, жағдайлары орташа, жарақаттары жазылып кетеді. Аталған орталықта демалыс күндері  аяқ-қолдарын үсітіп алған тағы 5 адам емделіп жатыр.

Владимир Филатов, Қарағанды облыстық травматология және ортопедия орталығы бөлім меңгерушісінің міндетін атқарушы:

Жарақат кішкентай болғанмен, терең. Әдетте, отшашу дененің осы бөліктеріне зақым келтіреді. Алда ескі жаңа жыл келе жатыр. Сауда қызып тұр. Сондықтан тұрғындардың аса сақ болғаны жөн.

Ішкі істер департаментінің ақпаратына сәйкес, Астанада өткен тәулікте 50-ден астам криминалдық сипатта құқық бұзушылық тіркелген. Көбінесе ойын-сауық мекемелерде мүліктік ұрлықтар. Ізін суытпай 12 факт ашылды.

Диана Сапарқызы, тілші:

Адам көп шоғырлантын орындарда ауыр қылмыстарға жол берілмеген. 23 жол-көлік оқиғасы болды. Оның нәтижесінде 2 адам түрлі дене жарақаттарымен ауруханаға жеткізілген.