$541.34 €640.73 ₽6.53
×

Жаңа Конституцияның жобасы 95 бап пен 11 бөлімнен тұрады

30.01.2026ж. 19:00
Жаңа Конституцияның жобасы 95 бап пен 11 бөлімнен тұрады

Жаңа Конституция мәтінінің 84 проценті өзгереді. 77 бапқа түзету енгізіледі. Үкімет, Құрылтай жұмысына қатысты да нормалар жаңашаланды.Президент мәртебесіне қатысты жаңалық көп, басшыға қойылатын талаптар да түрленген. Ең бастысы құжатта адам құқығы мен бостандығына баса мән беріледі. Ата Заң жобасындағы бөлімдерде нақты не жазылғанын әріптесім Аружан Задабек толығырақ түсіндіреді.

Ата Заң 30 жылда 6 рет өзгерді. Нәтижесінже 55 бапқа 1100-ден астам толықтыру енгізілген. Ендігі болатын жаңашылдық, тіптен, бөлек, Бұған дейін өткен референдумдарда ең көбі 33 бапқа өзгеріс енгізілсе, ендігі құжатта 77 бап түрленеді. Яғни, конституция мәтінінің 84 проценті жаңарады. Демек, құжаттық барлық бөлімі өзгеше сипат алады.

Жаңа нұсқаға Преамбула, 95 баптан тұратын 11 бөлім кіреді. 4 бөлім мүлдем жаңа атаулармен беріледі.

Конституцияның кіріспесі толығымен жаңарды. Онда еліміздің өткенін дәріптейтін, бүгіні мен болашағына бағдар болатын жалпыұлттық құндылықтар көрініс табады. Ал «Конституциялық құрылыстың негіздері» атты бірінші бөлімде мемлекеттің егемендігі мен дербестігін нығайтатын іргелі ережелер қарастырылды. Оларға сәйкес, Қазақстан Республикасы – унитарлы мемлекет. Басқару нысаны – президенттік республика.

БАҚЫТ НҰРМҰХАНОВ, ҚР КОНСТИТУЦИЯЛЫҚ СОТ ТӨРАҒАСЫНЫҢ ОРЫНБАСАРЫ:

Сөйтіп бұрын бірқатар ғалымдар мен мамандардың басқару нысанын нақтылау қажеттігі туралы ұсынысы жүзеге асты.

Жаңа құжаттың екінші бөлімі адам құқығын қорғауға негізделген. «Миранда ережесі» бекітілді. Неке мен отбасы құндылықтары конституциялық деңгейде күшейтіледі. Жаңа құжатта адам – ең жоғары құндылық, ал оның құқығы мен бостандығы – басты талап.

Үшінші бөлім «Президент» құзыретіне қатысты. Енді президенттік сайлау мен ант беру рәсімінің мерзімі, Мемлекет басшысының Құрылтаймен, Үкіметпен және басқа да мемлекеттік органдармен өзара іс-қимылы аясындағы өкілеттіктері, сондай-ақ кадр мәселелері мен норма шығару функциялары өзгереді. Бөлімге вице-президенттің құқықтық мәртебесі мен өкілеттіктеріне арналған жаңа норма енгізіледі.

Құжатта Мемлекет басшысына қойлатын талап та нақтыланған. Елді басқаратын тұлға Қазақстан азаматы болуы шарт. Жасы 40-тан асқан, мемлекеттік тілді ерін меңгеруі тиіс. Жоғары білімі бар әрі мемлекеттік қызметте, лауазымда кемінде 5 жыл тәжірибесінің болуы қажет етіледі.

БАҚЫТ НҰРМҰХАНОВ, ҚР КОНСТИТУЦИЯЛЫҚ СОТ ТӨРАҒАСЫНЫҢ ОРЫНБАСАРЫ:

Конституция мәтіні бойынша референдум ұғымы Жалпыхалықтық референдум деп өзгертілді. Жалпы билікті жалпыхалықтық референдум және еркін сайлау арқылы тікелей жүргізеді.

Үкімет қызметіне қатысты да өзгеріс көп. Дәлерек, Құрылтайға заң жобаларын енгізу, республикалық бюджет және оның атқарылуы туралы есеп беру мәселелері қаузалған. Ал Конституцияның алтыншы бөлім екі баптан тұрады. Олар Қазақстан Халық Кеңесіне қатысты мәселелерді реттейді. Құрамына ел азаматтары кіретін бұл жоғары консультативтік орган Қазақстан халқының мүддесін білдіреді.

БАҚЫТ НҰРМҰХАНОВ, ҚР КОНСТИТУЦИЯЛЫҚ СОТ ТӨРАҒАСЫНЫҢ ОРЫНБАСАРЫ:

Құрамына ел азаматтары кіретін бұл жоғары консультативтік орган Қазақстан халқының мүддесін білдіреді. Атауы қос мәтінде қазақ тілінде жазылып отыр. Оның Құрылтайға заң жобаларын енгізу, республикалық референдум тағайындау туралы ұсынысқа бастама жасау және басқа да маңызды өкілеттіліктері белгіленді.

Жеке, жетінші бөлімде «Конституциялық Сотқа» қатысты нормалар шоғырландырылды. Ал сегізінші бөлімі – «Сот төрелігі. Прокуратура. Құқық қорғау тетіктері»  деп аталады. Енді  судьялардың тәуелсіздігі нығайды, кадр мәселелері шешілді. Сондай-ақ адвокатураның құқықтық мәртебесі алғаш рет Конституцияда нақты бекітілді. Жергілікті мемлекеттік басқару мен өзін-өзі басқару мәселелеріне арналған тоғызыншы бөлімі Құрылтайдың құрылуы және елімізде жүргізіліп жатқан әкімшілік реформаны ескере отырып қайта қаралды.

БАҚЫТ НҰРМҰХАНОВ, ҚР КОНСТИТУЦИЯЛЫҚ СОТ ТӨРАҒАСЫНЫҢ ОРЫНБАСАРЫ:

Еліміздің жаңа Ата Заңының алғашқы жобасы жасалды. Оны дайындау кезінде алты ай бойы азаматтардан келіп түскен ұсыныстар, Комиссия мүшелерінің пікірлері, төртінші отырыста таратылып, таныстырылған жоба бойынша айтылған ескертулер мен ұсынымдар ескерілді.

Конституцияда жаңа, оныншы бөлім пайда болды. Мұнда Негізгі заңға өзгерістер мен толықтырулар енгізу тәртібі жазылған. Ал он бірінші бөлім «Қорытынды және өтпелі ережелер» деп аталады. Онда Конституцияға өзгерістертер Президенттің шешімімен және тек жалпыхалықтық референдум арқылы ғана енгізілетіні көрсетілген.

Бұл – Жаңа Конституция жобасы. Ұсыныстардың қабылданып, не қабылданбайтынын Референдум анықтайды. Соңғы шешім халықта. Заңы үстем елдің заманы тыныш. Ал сол заңның өзегі – Ата заң. Ол елдің еңсесін тіктеп, жұрттың құқығын қорғайды, әділет пен теңдіктің таразысын тең ұстайды. Ата заң бар жерде алауыздыққа орын жоқ, ақиқат пен жауапкершілік қатар жүреді. Халықтың үні естіліп, мемлекеттің бағыты айқындалады. Сондықтан Конституцияға құрмет – елге, ертеңге, ұрпаққа деген құрмет.