$541.34 €640.73 ₽6.53
×

Директор мектепті неше жыл басқаруы керек: министр халықтан кеңес сұрады

31.01.2026ж. 09:20
Директор мектепті неше жыл басқаруы керек: министр халықтан кеңес сұрады
Фото: gov.kz

Оқу-ағарту министрі Жұлдыз Сүлейменова мектеп директорларының ротациясына қатысты ұсыныстар қабылдайтынын хабарлады

Видеожазба министрдің әлеуметтік желідегі жеке парақшасында жарияланды.

Айта кету керек, министр бұған дейін бір мектепте бір директор 2+2 формуласы бойынша, яғни 4 оқу жылы басшылық қызмет атқаруы керек деген ұсынысты ортаға салған еді.

Сондай-ақ министр директорларға қатысты статистикалық ақпаратты жариялады.

Елде 8048 мектеп бар. Оның 5233-і ауылдық жерде, 2815-і қалаларда орналасқан. Жалпы 7238 директор қызмет етеді. Олардың 810-ы, яғни 10 пайызы мектеп басшысы лауазымын уақытша атқарушылар.

Директорлардың ішінде әйелдер – 62 пайыз, ерлер – 38 пайыз.

Директорлардың орташа еңбек өтілі — 26 жыл.
5 жылға дейінгі директорлардың саны небары 86 адам (1,2 пайыз).

6–10 жыл мектеп директоры болып жүргендер — 328 адам (4,5 пайыз).
11–15 жылға дейінгі директорлар — 759 адам (10 пайыз).

Ал 16 жылдан жоғары мектеп директоры қызметін атқаратындар саны — 6065 директор (84 пайыз).

20 жылдан астам қызмет атқарып отырған директоры бар мектеп саны — 129. Оның ішінде:
Ақмола облысында — 23,
Жамбыл облысында — 10,
Солтүстік Қазақстан облысында — 24,
Павлодар облысында — 13,
Шығыс Қазақстан облысында — 12,
Ақтөбе облысында — 6,
Абай облысында — 14,
Жетісу облысында — 5 директор бар.

«Біз әлі нақты шешім қабылдаған жоқпыз. Бір мектепте директор 4 жыл бойы тиімді жұмыс істеп көрсін деп отырмыз. 2+2 жыл бойынша ұсыныстар бар, бұл мәселе әлі талқыланып жатыр. Егер басқа ой-пікірлеріңіз болса, ортаға салыңыздар», — деді Жұлдыз Сүлейменова.