Қазақстандық Air Astana әуе компаниясы Кипрдің Ларнака қаласына билет сата бастады.
«Air Astana 2026 жылдың жазғы кестесінде Кипрге тікелей маусымдық рейстерге билет сатуды бастады. Маусым мен қыркүйек айлары аралығында әуе компаниясы Астана мен Алматыдан Ларнака қаласына тұрақты рейстерді орындайды», - деп мәлімдеді КМ Азаматтық авиация комитеті.
Астанадан 2 маусымнан 5 қыркүйекке дейін сейсенбі және сенбі күндері, таңертеңгі және күндізгі уақытта қатынайды, ал Ларнакадан қайту рейстері күндіз орындалады. Ұшу ұзақтығы сол жаққа 5 сағат 40 мин, қайтарда 5 сағат 5 мин.
Ал Алматыдан 4 маусымнан 6 қыркүйекке дейін бейсенбі және жексенбі күндері орындалады. Алматыдан таңертең ұшып, Ларнакадан күндіз оралады. Ұшу ұзақтығы – сол жаққа 6 сағат 5 мин, қайтарда – 5 сағат 30 мин.
Жолаушыларды Airbus A321LR заманауи ұшақтары тасымалдайды.