$541.34 €640.73 ₽6.53
×

Қарағандылықтар көмірдің сапасыздығына шағымданды

02.02.2026ж. 19:00
Қарағандылықтар көмірдің сапасыздығына шағымданды

Қарағандылықтар көмірдің сапасыздығына шағымданды. Отынның қызуы нашар, күлі көп. Оның үстіне түтіні ащы,- дейді. Қара алтынның сапасын қазіргі таңда ешкім қадағаламайтынын экологтар да растап отыр. «Көмір алаяқтарына»  кім тосқауыл болады? Тілшіміз анықтап көрді.

Корней Гардер жылу маусымында Шұбаркөл көмірінің 7 тоннасын жағады.  1 тоннасы шамамен -16 мың теңге. Одан да қымбат сұрыптарын алған кездері болған. Алайда қара отынның өзінен күлі көп.

КОРНЕЙ ГАРДЕР, ҚАЛА ТҰРҒЫНЫ:

Қанша көмір алсақ сонша күл шығарамыз. Қымбаттығымен қоймай өте сапасыз. Мұндай көмірмен күндіз айнала көк тұман боп кетеді. Дала жарық екенін білесің, бірақ ештеңе көрмейсің.

Куряновка ауданындағы жеке сектор тұрғындары баяғыдан пеш жағады. Ауданға газ жеткен жоқ. Тұрғындар әсіресе соңғы 4-5 жылда көмірдің сапасы күрт төмендегенін байқаған. Қазір бұл маңайда 2 мыңға жуық отбасы тұрады. Әрқайсында кем дегенде бір баланың аллергиясы бар. Бұл сапасыз көмір түтінінің салдары екені анық.

ЕРКЕБҰЛАН АҚМЫРЗАЕВ, ҚАЛА ТҰРҒЫНЫ:

Түтін сасық. Таңертең тұрасың, жел күндері вообще демалуға болмайды. Енді хотя бы газ келмей тұрып көмірді жақсартса кішкене, таза көмір берсе жақсы болар еді. Қақалып – шашалып шығамыз таңертең, мысалы өз басым 5-6 да шығам жұмысқа сол уақытта көк түтін болады. 

Өкінішке қарай қара алтынның сапасын қазір ешкім тексермейтін көрінеді. Көмір  қоймаларда еркін сатылады. Көмірге тас, не құм әлде күл  араласты ма онда ешкімнің шаруасы жоқ. Сапасыз отынның барын экологтар растады. Мемлекеттік мекемелер жауапкершілікті бір- біріне сілтейтіндіктен, тұрғындар сатушыларды тұтынушылар құқығын қорғайтын мекеме арқылы сотқа бере алады. Сонда ғана кінәлі тұлғалар анықталуы мүмкін.

ЕВГЕНИЙ КАЛМЫКОВ, ТӘУЕЛСІЗ ЭКОЛОГ:

Бұл көмір көп жатып қалып күлге айналуы мүмкін. Оларда ауаға таралатын газ, зиянды заттар өте көп болады. Мұның бәрін мемлекеттік органдар қадағалауы тиіс. Ондай бақылау болмаған соң шағын қоймалар білгендерін істеп, сатып жатыр. Сапасын ешкім біле алмайды.

Мәселе  газ келген соң ғана шешілуі мүмкін. Алайда оған дейін бірнеше жыл бар. 

ДИАС ҚАЙЫРКЕНОВ, ОБЛЫСТЫҚ ТҮКШ ЖӘНЕ ЭНЕРГЕТИКА БАСҚАРМАСЫ БӨЛІМІНІҢ БАС МАМАНЫ:

Биыл Таугүлі және Күнгей шағын аудандарына газ тартылады. Оған 5 млрд теңге қарастырылған. Газ құбырын ақшаның бөлінуіне қарай тартамыз. Куряновка ауданына әлі ақша қарастырылған жоқ, Сондықтан алдағы 2-3 жылда салынуы мүмкін.

Қарағандыда газдандыру ісі баяу жүріп жатыр. Қалада  жеке секторда 20 мыңнан астам үй әлі көмір жағады.