$541.34 €640.73 ₽6.53
×

Күйеуі қудалаған оралдық келіншек балалары үшін қорқып отыр

03.02.2026ж. 19:00
Күйеуі қудалаған оралдық келіншек балалары үшін қорқып отыр

Орал қаласының тұрғыны Людмила Ералиева бұрынғы күйеуі өзін ұдайы қудалап, қорқытып-үркітетінін айтып, арнамызға хабарласты. Айтуынша, зайыбы оны негізсіз айыптап, баласын тартып алмақ көрінеді. Осыған қол жеткізбек болған ол бір жылда 850 рет арыз жазыпты.

Людмила Ералиева бұрынғы күйеуі өзіне үнемі тиісіп күн көрсетпегесін, Қостанайдан қашып, Оралға келген. Бірақ бұл жерден де оны іздеп тауып алыпты. Полицияға шағымы нәтиже бермеген келіншек енді кімнен көмек сұрарын білмейді.

ЛЮДМИЛА ЕРАЛИЕВА, ҚАЛА ТҰРҒЫНЫ:

Баламмен кездесемін де үйге келеді де, ұлымның бетіне безеу шықса бітті, мен оны ұрып-соқты деп кінәлап жалма-жан полицияға арыз жазады. Осындай арыздана бергесін, полиция мен прокуратура өкілдерінен құрылған делегация үйіме күн сайын келетін болды. Шынымды айтсам, өзімнің жазықсыз екенімді жеткізе алмай шаршадым.

Мағжан Құрманов құзырлы органдарға 850 рет арыз жазыпты. Айтуынша, әйелі ұлын ұрып-соғады, тіпті тиісті күтім жасамайтын көрінеді.

МАҒЖАН ҚҰРМАНОВ, ҚОСТАНАЙ ҚАЛАСЫНЫҢ ТҰРҒЫНЫ:

Былтыр жазда баламның денесі көгергенін көрдім. Балабақшаға ғана баратын екі жасар бүлдіршінді кімнің бұлай жәбірлегені әлі жұмбақ. Ұлымды үйде біреу ұратыны анық әрі анасы оның қауіпсіздігін қамтамасыз ете алмайды.

Қостанайлық күйеу баланың арызынан кейін Оралда арнайы комиссия құрылды. Жұмыс тобы балалардың тұрғылықты жерін тексеріп, оларға барлық жағдай жасалғанын анықтаған.

МӘНШҮК ҚАРАЕВА, ҚАЛАЛЫҚ БІЛІМ БЕРУ БӨЛІМІ БАЛА ҚҰҚЫҒЫН ҚОРҒАУ СЕКТОРЫНЫҢ МЕҢГЕРУШІСІ:

Қазір балалар қауіпсіз жағдайда. Анасы жұмыста. Оған еш шағым жоқ. Наркология мен полицияда тіркелмеген. Баланың жәбірленгені де расталмады.

Бала тағдырына жауапты мамандар жағдай бақылауда деп сендірді. Ал заңгерлер әлдекімді аңдуды әдет қылғандардың әрекеті қылмыс дейді. Егер бұл расталса, кінәлі 800 мың теңгедей айыппұл төлейді немесе бір 50 күнге қамалады.

ПАВЕЛ КОЧЕТКОВ, ЗАҢГЕР:

Егер екінші тарап толассыз тексеру мен арыздан шаршаса, ол да құзырлы органдарға шағымдана алады. Жала жабылғанын дәлелдеп полицияға хабарласуға да құқылы. Бұған заңда қылмыстық жауапкершілік қарастырылған.

Заңгердің айтуынша, адамды бұлай мазалап, әлеуметтік желілер арқылы әурелеп, жанжал шығару сталкинг ретінде қарастырылмақ.