$494.87 €520.65 ₽4.91
×

АҚШ-та қарлы бораннан мектептерде сабақ тоқтады

AstanaTV
05.01.2018ж. 20:00
3168
АҚШ-та қарлы бораннан мектептерде сабақ тоқтады

АҚШ тұрғындары қарлы бораннан әбігерге түсті. Бұрқасын әсіресе елдің шығыс бөлігіне  қиындық келтіріп, Нью-Йорк билігі төтенше жағдай жариялады. Бір тәулікте жауған қардың қалыңдығы 30 сантиметрге жеткен. Ал, Бостонда ауа температурасы  -22 градусқа төмендеді. Мың жарымнан астам әуе рейстері тоқтады.

АҚШ-тың Оңтүстігіндегі Флорида штатында жұрт соңғы отыз жылда қар көрмеген. Американың Шығыс жағалауына жеткен циклонның күштілігі сонша, бассейндегі суға дейін мұз боп қатып қалды.

Ал елдің солтүстігіндегі жағдай бұдан да қиын. Мәселен, Бостонда бір мезетте күшті жел тұрып, қар жауып, аяз қысты. Салдарынан мектептерде сабақ тоқтаған. Билік тұрғындарға аса қажеттілік болмаса көшеге шықпауды ескертіп жатыр.

Марти Уолш, Бостон мэрі:

Бостандағы мемлекеттік мектептер жабылды. Біз демалыс күндері дамылсыз жұмыс істейміз. Дүйсенбі күні барлық автобустар мен оқушылар алаңдары дайын болуы керек.

Чарли Бэйкер, Масачусетс штатының губернаторы:

Барлық азаматтарды бір біріне аса қамқорлықпен қарап, қырағы  болуға шақырамыз. Әсіресе денсаулығы нашар, мүгедек адамдар назардан тыс қалмауы керек. Улы газ тарамауы үшін мұржалар мен саңылауларды тексеріп қойған жөн. 

Нью-Йоркте де төтенше жағдай жарияланып, білім беру мекемелерінде дәріс тоқтады.  Қалың қар мен көктайғақтан жолдар көрінбейді. Салдарынан Джон Кеннеди атындағы халықаралық әуежай жұмысын тоқтатуға мәжбүр болды.

Билл де Блазио, Нью-Йорк мэрі:

Сыртта қатты суық. Бұрқасын соғып, қар жауып жатыр. Сондықтан тұрғындардың бұл жағдайда сабырлық сақтап, аса сақ болғаны жөн.

Қатты аяз АҚШ пен Канаданың шекарасындағы Ниагара сарқырамасына да әсер етті. Судың ағысы ішінара тоқтап қалған. Бұл мезгілде мұндағы қалыпты температура  0, -7 градус шамасында болатын. 1 қаңдарда метеорологтар сынап бағанасы -26 градусқа дейін төмендейтінін болжады. Мұндай суық сарқыраманың ағысын тежейтіні түсінікті.

Жел мен қардан көз аша алмағанына қарамастан, мұндай ауа райына қуанып жатқандар да табылды. Кейбіреулер жаңа жыл мерекесінде Нью-Йоркке арнайы соғып, қатты аязда  субұрқақтардың қандай өзгеріске ұшырайтынын өз көзімен көргісі келіпті.

Ким Ван Клиф:

Маған мұндай ауа райы ұнайды, мен Джерсиденмін. Көлік жүргізбеймін, сондықтан алаңдайтын дәнеңе жоқ. 

Антонио Лието, италиялық турист:

Қазір Италияда көктем секілді. Біз мұнда Жаңа жылға арнайы келдік. Қар көргенімізге қатты қуаныштымыз. Нью-Йорк жұртшылығына мұндай ауа райы қиындық тудырғанын түсінемін, дегенмен бізге ұнайды. Бұл керемет. 

Бұған дейін хабарланғанындай, қатты суық пен бұрқасыннан АҚШ-та соңғы аптада кемі 13 адам көз жұмды. Аяз құрбандары Висконсин, Техас, Миссури және Мичиган штатының тұрғындары. 

Айзада ТӨРЕБЕКҚЫЗЫ