Атырау облысында өзінің бұрынғы қайын атасы мен енесін өлтірді деп күдікке ілінген Сұлтан Сәрсемәлиевтың бес баласы мемлекеттік мекемеге орналасты. Олар бұған дейін ата-әжесінің қолында болған еді. Махамбет ауданы әкімдігі жанындағы кәмелетке толмағандардың істері және олардың құқықтарын қорғау жөніндегі комиссия облыстық полиция департаментінің ұсыныс хаты негізінде осындай шешім қабылдаған. 1 және 3 жастағы сәбилер мамандандырылған балалар үйіне, ал 4, 7, 9 жастағы үш бала кәмелетке толмағандарды бейімдеу орталығына жеткізілді. Осылайша бір үйдің бес баласы екіге бөлінді. Мамандардың айтуынша , балалардың атасы заңның шешіміне қарсы болмайтынын жеткізген, ал әжесі бауырында өскен немерелерін мемлекеттік мекемеге бергісі келмепті.
БАЛЖАН ТӨЛЕШОВА, МАМАНДАНДЫРЫЛҒАН БАЛАЛАР ҮЙІ БАСШЫСЫНЫҢ МІНДЕТІН АТҚАРУШЫ:
Бір жастағы бала кішкене ЖРВИ аурумен науқастанып тұр екен. Ауруханадағы кезекті емдерін алып, әрі қарай емді жалғастыру үшін бізге кеңес арқылы орналастырылды. Бізде алғашқы 21 күн тәулікте карантинде болады. Сосын әрі қарай жалпы топқа қосып, балалармен бірге олармен жұмыстар жүргіземіз.
ҚҰНДЫЗ ҒИНАЯТОВА, КӘМЕЛЕТКЕ ТОЛМАҒАНДАРДЫ БЕЙІМДЕУ ОРТАЛЫҒЫНЫҢ БАСШЫСЫ:
Қазіргі таңда балалардың көңіл-күйлері жақсы. Білім алуда, бүгін сабаққа қосылды. Психолог жұмыс жасады. Сурет салып, тест жұмыстарымен түске дейін жұмыстары жүргізілді. Ата-әжелері бізге келіп көруге болады. Біздерде графикпен 5-ші күні кездесу уақыты бар.
Естеріңізге салайық, Жанкелдин ауылында Мақсот Қарабалиннің отбасы жұмбақ жағдайда жоқ болып кеткен еді. Кейін үй иесі мен әйелің мүрдесі сарайында көмулі күйінде табылды. Ұлы Наурыз бен қызы Мейрамгүл туралы хабар жоқ. Халықаралық іздеу жарияланған отбасының екінші қызы мен күдікке ілінген күйеу баласы туралы да полиция тергеу құпиялығын алға тартып ештеңе айтпай отыр.