$541.34 €640.73 ₽6.53
×

5 аймақта су тасқыны болуы мүмкін

5 аймақта су тасқыны болуы мүмкін

Биыл еліміздің 5 аймағында су тасқыны болуы мүмкін. Қазгидромет мамандары алдын ала болжам жариялады. Елдің орталығы, шығысы мен солтүстігінде қауіп деңгейі -жоғары. Солтүстік Қазақстан облысында 112 елдімекен ерекше бақылауға алынған. Өңірден-Абзал Құрманкин.  

Биыл теріскейде қар көлемі қалыпты нормадан 40 пайызға төмен. Алайда, екі аптаға созылған сары аяздың салдарынан жер бір жарым метр тереңдікке дейін қатып қалған. Сондықтан көктемде еріген қар суы топыраққа сіңбей, далаға жайылуы мүмкін, дейді сала мамандары. Синоптиктер биыл көктемде 2 млрд текше метрден астам су келуі мүмкін, деп болжап отыр.

ДӘУРЕН ҚОСШЫҒҰЛОВ, «ҚАЗГИДРОМЕТ» РМК ОБЛЫСТЫҚ ФИЛИАЛЫНЫҢ БӨЛІМ МЕҢГЕРУШІСІ:

15 ақпаннан бастап қардың қалыңдығын 5 күн сайын өлшейміз.  1 наурыздан күнде гидроллогиялық бюллетень жасалып, жауапты органдарға жолданады. Ақпан айының соңы мен наурыз айында қар әдеттегі мөлшерден көп жаууы мүмкін. Су тасқыны бойынша негізгі болжам наурыз айының басында жарияланады.

Шығыс Қазақстан, Абай, Ақмола мен Қарағанды облыстарында су тасқынының қаупі жоғары.  Бұл өңірлерде  топырақтың қату тереңдігі 140 сантиметрге жеткен. Ал орташа қауіптің тізіміне Батыс Қазақстан, Ұлытау, Павлодар, Ақтөбе, Түркістан, Алматы, Жетісу мен Қостанай облыстары енгізілді.

Бүгінде тек Солтүстік Қазақстан облысының өзінде 112 елдімекенге тасқын қаупі төніп тұр.

ЖАНАТ МҰХАМЕТҚАЛИЕВ, СҚО ТӨТЕНШЕ ЖАҒДАЙЛАР ДЕПАРТАМЕНТІНІҢ БАС МАМАНЫ:

Біз 112 ауылды бақылауға алдық. Оның 38-і өзен жағасында, 12-сі көл жағасында орналасқан. Тағы 62 елді мекен еріген қар суынан зардап шегуі мүмкін. Тасқынның алдын алу үшін жауапты мекемелер 23 шақырым жерде құмды бөгет жасады, 15 су өткізу құбырларын орнатты және де арықтың 14 километрін тазалады.

Синоптиктер ақпан-наурыз айларында әлі де қардың мол жауатынын айтады. Жауын-шашын мөлшері нормадан асып кетсе, жағдай күрделене түсуі мүмкін.