$541.34 €640.73 ₽6.53
×

Конституциялық реформаға байланысты «Е-Өтінішке» 4 мыңнан астам ұсыныс түскен

Конституциялық реформаға байланысты «Е-Өтінішке» 4 мыңнан астам  ұсыныс түскен

Конституциялық реформаға байланысты «Е-Өтінішке» 4 мыңнан астам  ұсыныс түскен.  Конституциялық реформалар жөніндегі комиссия отырысында  халық жолдаған хаттардың мазмұны талқыланды.  

Ата заңға қатысты азаматтарды алаңдатып отырған тақырыптарды 3-ке бөлуге болады.  Алғашқысы – ел үміті. Халық жаңа конституциялық норма мемлекеттік шешімдердің сапасына, күнделікті тұрмыста  әлеуметтік әділдікке тікелей әсер етеді деп сенеді. Жұрттың тағы бір тобына адам құқықтарын  қорғаудың түсінікті ережелері қалай қалыптасатыны маңызды болып отыр. Қоғам үшінші кезекте билік тармақтарының арасындағы тепе-теңдікке қатысты сұрақтарды жиі жолдаған. 

ЕЛНҰР БЕЙСЕНБАЕВ, ҚР ПАРЛАМЕНТІ МӘЖІЛІСІНІҢ ДЕПУТАТЫ, «AMANAT» ФРАКЦИЯСЫНЫҢ ЖЕТЕКШІСІ:

Ең маңыздысы – талқылау процесі ашық өтуде. Ол тікелей эфирде көрсетіліп жатыр. Талқылауға әртүрлі буын өкілдері, түрлі мамандық иелері мен алуан көзқарастағы азаматтар қатысуда. Біз пікір айтуға қарсы емеспіз. Сынға да ашықпыз. Сұрақ қою – азаматтардың заңды құқығы. Міне, осы процестер биліктің қаншалықты ашық әрі әрбір ұстанымын өз халқымен тікелей тақылауға дайын екенін көрсетеді.

«Мемлекеттік биліктің бірден-бір бастауы және егемендік иесі – Қазақстан халқы». Егемендіктің иесі халық екені Конституцияда тұңғыш рет айқындалып отыр. Қазір қолданыстағы Ата заңда мұндай ұғым, түсінік, формулировка жоқ.  Жаңа нұсқада егемендік сөзі 6 рет кездеседі.  Мемлекеттік кеңесші Ерлан Қарин ел  тәуелсіздігі мен аумақтық тұтастығына тікелей қатер төнсе, Президенттің тиісті шешімдер қабылдауға құқығы бар екені жаңа нұсқада айтылған, -деді.

ЕРЛАН ҚАРИН, ҚР МЕМЛЕКЕТТІК КЕҢЕСШІСІ:

Жаңа Конституцияда мыңжылдық тарихымыз тұңғыш рет басты құндылық ретінде жазылып, жарияланды. 1995 жылы қабылданған Конституцияда тарих туралы бір сөз жоқ. Жаңа Конституцияда тарихымыз тұңғыш рет декларация емес, мемлекеттік құндылық ретінде бекітіліп отыр.

Қазақстанға келген шетелдіктердің әлеуметтік төлемдерін бюджет есебінен өтеу тоқтатылады. Бұл туралы Мәжіліс депутаты, Конституциялық реформа жөніндегі комиссиясының мүшесі Мұрат Әбенов айтты.  Енді тек қана халықаралық келісім арқылы Қазақстан азаматтарының құқықтарын толыққанды қорғайтын мемлекеттің азаматтарына қолдау көрсетілмек.

МҰРАТ ӘБЕНОВ, ҚР ПАРЛАМЕНТІ МӘЖІЛІСІНІҢ ДЕПУТАТЫ, «AMANAT» ФРАКЦИЯСЫНЫҢ МҮШЕСІ:

Біздің Конституцияда елімізге келген шетелдіктердің әлеуметтік және әртүрлі құқықтары біздің азаматтармен бірдей деп жазылған. Сонда шетелден келген азаматтар біздің медицинаны, біздің білім саласын, барлық әлеуметтік көмектерді алуына құқылы. Ол Конституцияда жазылған. Алдағы уақытта бұл да өзгереді.

«Қоғамдық пікір» институты өткізген сауалнамаға сәйкес, респонденттердің 79 пайызы жүргізіліп жатқан Конституциялық реформаны уақтылы деп санайды. Ал 65 пайызы жаңа нұсқа олардың өміріне оң әсер етеді деп сенеді.