$541.34 €640.73 ₽6.53
×

Депутат білім мекемелеріндегі қауіпсіздік мәселесін көтерді

04.02.2026ж. 12:41
Депутат білім мекемелеріндегі қауіпсіздік мәселесін көтерді
Фото: Әділет Беремқұлов/Kazinform

Бүгін Мәжілістің жалпы отырысында депутат Самат Нұртаза білім беру мекемелеріндегі қауіпсіздік мәселесін көтерді. 

- Отандық білім беру мекемелерінің қоғамдық қауіпсіздігі халықты қатты алаңдатып отыр. Себебі бұл - балалардың, студенттер мен педагогикалық қызметкерлердің өмірі мен денсаулығына тікелей қатысты мәселе. Білім беру мекемелеріндегі, әсіресе, балабақшалар мен мектептердегі күзет жағдайы баса бақылауды талап етеді. Көп жағдайда мұндай функциялар формальды сипатта ғана, ал іс жүзінде оны көбінесе зейнет жасындағы адамдар атқарып жүр. Мұндай жағдай көбіне жалақының төмендігінен туындап отыр. Соның салдарынан бұл жұмысқа білікті мамандарды тарту қиын. Бұдан басқа, білім беру мекемелерінің ғимараттарына кіру режимін қамтамасыз етудің бірыңғай тәсілі жоқ. Бұл өз кезегінде қауіпсіздікке нақты қатер төндіреді, - деді Самат Нұртаза Премьер-министрінің орынбасары Аида Балаеваның атына жолдаған сауалында.

Сонымен қатар ол білім беру мекемелерінің көбінде ғимаратқа тыйым салынған заттардың өтіп кетпеуін анықтайтын техникалық тексеру құралдары, соның ішінде металл детекторлар жоқ екенін атап өтті. Осы айтылғандардың негізінде депутат вице-премьерге мынандай мәселелерді қарастыруды сұрады:

  1. Меншік нысанына қарамастан, барлық білім беру ұйымы орындауға тиісті, білім беру мекемелерінің қауіпсіздігін қамтамасыз етудің бірыңғай стандарты әзірленіп, енгізілсін.
  2. Балабақшалар мен мектептердің қауіпсіздігін қамтамасыз ету үшін осы қызметті жүзеге асыруға арналған лицензиясы бар ұйымдармен ғана шарттар жасасу көзделсін.
  3. Еліміздің білім беру мекемелерінде, соның ішінде балабақшаларда толықтай техникалық тексеру құралдарын міндетті түрде енгізу туралы талап белгіленсін.
  4. Білім беру мекемелері орналасқан аудандарды патрульдеу күшейтілсін.