$541.34 €640.73 ₽6.53
×

"Қытай емшілеріне алданып жүргендер көп",- депутат

"Қытай емшілеріне алданып жүргендер көп",- депутат

Ал депутат Аманжол Әлтай  шығыс медицинасы орталықтарына тексеру жүргізуді талап етті. Оның айтуынша,  "Қытай емшілеріне алданып жүргендер бар". Кейбір орталықтар қысқа мерзімге ашылып, атауын немесе мекенжайын өзгертіп, бақылаудан жалтарып жатқан көрінеді.  

Депутат Аманжол Әлтайдың айтуынша, «Шығыс медицинасы», «Қытай медицинасы», «иглотерапия», «мануалды терапия» атауымен қызмет көрсететін орталықтарға қатысты шағым жиі түседі. Өзін емші ретінде таныстыратын кейбіреулер халықты алдап, заңсыз медициналық қызмет көрсетіп жүрген көрінеді. Депутат мұндай жағдайлар пациенттердің өмірі мен денсаулығына  қауіп төндіреді дейді.

АМАНЖОЛ ӘЛТАЙ, ҚР ПАРЛАМЕНТІ МӘЖІЛІСІНІҢ ДЕПУТАТЫ, «AMANAT» ФРАКЦИЯСЫНЫҢ МҮШЕСІ:

Шағымдарда лицензиясыз немесе тиісті біліктіліксіз медициналық қызмет көрсету, тіркелмеген препараттардың қолданылуы, сондай-ақ ауыр диагноздарды «емдеуге» уәде беріп, халықты жаңылыстыратын жарнама фактілері көрсетіледі. Әсіресе тегі-тамыры белгісіз, өзін білікті дәрігер ретінде жарнамалаған Қытай Халық Республикасының азаматтары төрт-бес ай халықты емдеген болып сеніміне кіріп, артынша емдеу орталығын жауып, «аңқау елге арамза емші» дегендей қалтасын қампайтып алып кетіп қалып жатады.

Қала тұрғыны Біржан Добылұлы бірнеше жылдан бері остеохондроз дертімен ауырады. Айтуынша,  аурудың емін табу үшін түрлі медициналық орталықтарға жүгінген. Мемлекеттік және халықаралық клиникаларда кезек көп болған соң, балама жол іздеп, өзін «қытай медицинасының өкілі» деп таныстырған емшіге барыпты. Алайда, емдеу мекемесінің лицензиясын тексермегенін айтады. Халық арасындағы жақсы пікірге сеніп барғанымен, нәтижесі көңілден шықпаған.

БІРЖАН ДОБЫЛҰЛЫ, ҚАЛА ТҰРҒЫНЫ:

Оларды барлығы мақтайды ғой, кім өзінің жұмыстарын жамандайды. Остеохондроз болып барғанмын. Дәрілерін масқара қымбат береді. Жазып бергені 70-тен асып кетті, сосын өздері келіп алады. Бір рет барғаннан кейін жолаған жоқпын. Өзіміздікілерге мүлдем жолағым келмейді.

Медицина мамандарының өзі  бұл мәселеге алаңдаулы. Олардың айтуынша, дәлелденбеген ем тәсілдері мен бақылаусыз жүргізілетін инвазивті процедуралар пациенттің денсаулығына елеулі қауіп төндіруі мүмкін.

ГҮЛДӘУРЕН АЯНАСҚЫЗЫ, ЖАЛПЫ ТӘЖІРИБЕЛІК ДӘРІГЕР, ЭНДОКРИНОЛОГ:

Олар өздерінің авторлық әдістері мен дәрілері арқылы емдейді. Бірақ бұл тәсілдердің адам ағзасына әсері белгісіз. Мұндай емнен кейін жағдайы асқынған пациенттер де кездеседі. Егер бір орталық «100 пайыз емдейміз» деп уәде берсе, одан аулақ болу керек. Себебі медицинада жүз пайыз кепілдік беру мүмкін емес. Оның үстіне, әлемдік медицинада мойындалмаған жеке әдістер әрдайым күмән тудырады.

Депутат инвазивті рәсімдер жүргізетін орталықтарға бақылауды күшейуді ұсынды. Ал денсаулық сақтау министрлігі бұған қатысты ресми ақпарат бермеді. Мұндай орталықтарды кім қалай бақылайды деген сұрақтың жауабы жоқ.