$541.34 €640.73 ₽6.53
×

"Өлтіріп кете ме деп қорқамын",-тұрғын

AstanaTV
04.02.2026ж. 19:00
"Өлтіріп кете ме деп қорқамын",-тұрғын

Алматылық әйел  күйеуінен қысым көріп жүргенін айтып, араша сұрайды.  Әлеуметтік желіде дабыл қаққан Анеля Аманғалиева жазбасында жолдасының  өзін өлімші етіп сабап, заңды ажырасуға келісімін бермей жүргенін жеткізген.   Қазір бұл жазба желіде қызу талқыланып жатыр. Қоғамдық резонанс туғызған мәселенің мән-жайын тілшіміз толығырақ айтады.

"Өз Бишімбаевыммен алысып әлекпін". Осындай жазбамен желі оқырмандарының назарын аударған 28 жастағы Аманғалиева Салтанаттың күйін кешемін бе деп қорқады. Айтуынша, жолдасы отбасы құрған сәттен бастап қысым көрсеткен.

АНЕЛЯ АМАНҒАЛИЕВА, ЖӘБІРЛЕНУШІ:

Алғаш рет маған Грузияда 2025 жылдың маусым айында қол көтерді.Басымнан әсіресе мұрын тұсымнан бірнеше рет ұрды. Бір сәтте қылқындырды, есімнен тана бастадым. Кейін ауыруды сезбей, тіпті өз- өзімді ұстай алмай күле бердім. Ал ол болса жедел жәрдем шақыруға тырыспады да.

Қымбат сыйлықтар жасап, түрлі елдерге саяхаттауға шақырумен арбаған кәсіпкер әйелін ұруын қоймаған.  Жәбірленушінің сөзінше, интимді фотоларын жария етпекші болып, беделін түсіретін әрекеттер де жасаған.

АНЕЛЯ АМАНҒАЛИЕВА, ЖӘБІРЛЕНУШІ:

Арыз жазып, дәлелдердің бәрін бердім. Ең сорақысы жазбамнан соң маған дәл осы адамнан зардап шеккен  тағы бір қыз жазды. 2025 жылдың қарашасынан бері күйеуім әртүрлі парақшалар арқылы жазып, ізіне түскен. Барлық жерден бұғаттағанымен, хабарласуын тоқтатпаған. Қыздың рұқсатымен жазбаларын жариялап, оның да сотқа шағымдануын сұрадым.

Анеляның жазбасы қазір әлеуметтік желіде қызу талқылануда.

Ал полиция Аманғалиеваның арызы негізінде қылмыстық іс қозғаған.

ЕРНАР САЙДИЛЬДИН, АЛМАТЫ ОБЛЫСТЫҚ ПОЛИЦИЯ ДЕПАРТАМЕНТІНІҢ РЕСМИ ӨКІЛІ:

Аталған жарияланымда көрсетілген деректер ағымдағы жылдың 31 қаңтарында Алматы облысы Полиция департаментінде заңнамада белгіленген тәртіппен тіркелді. Қазіргі уақытта қолданыстағы заңнамаға сәйкес, көрсетілген мән-жайларды жан-жақты, толық және объективті тексеруге бағытталған қажетті іс-шаралар кешені жүргізілуде.Тексеру нәтижелері бойынша фигурантқа қатысты заңды процессуалдық шешім қабылданатын болады.

Анеля бұл қадамға өзі сияқты жапа шегіп жүрген басқа әйелдер үшін барғанын айтады. Былтыр тұрмыстық зорлық зомбылық бойынша өтініштер саны өткен жылмен салыстырғанда 22 % төмендеген. Арыз   азайса да, мәселе  өзекті. Себебі, көп жағдай қоғамға жария болмай, жабық күйінде қалып кетеді дейді мамандар.