$541.34 €640.73 ₽6.53
×

Кездейсоқ аударым қылмыстық жауапкершілікке әкелуі мүмкін

AstanaTV
04.02.2026ж. 19:00
Кездейсоқ аударым қылмыстық жауапкершілікке әкелуі мүмкін

Шотыңызға шатасып ақша аударып, оны қайтаруды талап ету жағдайы қазір жиі кездеседі. Мұндай оқиғалардың соңы дропперлікке ұласуы мүмкін. Былтыр түрлі алаяқтық схемаларға қатысы бар 6 мыңнан астам дроппердің жеке басы анықталған. Бұл – қоғамда кең таралған, бірақ көпшілік әлі де елей бермейтін қауіп. Интернет-алаяқтар жұртты қалай алдайды? Тақырыпты тілші Айғаным Тұрысбек тарқатады.

АЙҒАНЫМ ТҰРЫСБЕК, ТІЛШІ:

- Сәлеметсіз бе! Сізге байқамаай ақша аударып қойып едім. Осы номерге қайтарып бересіз бе?

- Аудармайм да, қайтармайм да. Көзіңе қарап салмайсың ба?

Мұндай жағдай көпшілікке таныс болар. Банк қосымшасында бір ғана цифрды шатастырып, ақшаны басқа адамға аударып жіберу жиі кездеседі. Бірі “шатасқан шығар” деп қайтарад. Ал енді бірі “алаяқ болуы мүмкін” деп сақтанад. Екеуінің де өз шындығы бар. Өйткені қайта аударамын деп жүріп, дроппер атанып кету қаупі жоқ емес. Интернет-алаяқтар өз ізін жасыру үшін үшінші тұлғаларды пайдаланады. Яғни, сіздің банктік картаңыз бір сәтте-ақ қылмыстық схеманың бір бөлігіне айналып кетуі мүмкін.

Дропперлік - жай ғана аңғалдық емес, жеке қылмыстық жауапкершілікке әкеп соғатын әрекет. Банктік шотты немесе картаны үшінші тұлғаға беру, сондай-ақ ақша аударымдарын заңсыз жүзеге асыру мүлкін тәркілеумен, 160 айлық есептік көрсеткішке дейін айыппұл салумен немесе 3 жылдан 7 жылға дейін бас бостандығын шектеумен жазаланады. Соған қарамастан, тұрғындар арасында біреудің өтінішімен ақша аударып беретіндер әлі де көп.

БЛИЦ:

- Менің счетім арестта ініме керек деп сұрап жатады. Кейде аударып бере салам.

- Наличка ақша аударып бересіз ба деген істеген жоқпын ондай

- 300 мың тг алып берші деді. Алып бергем

Биыл  Астанада 400-ден астам интернет-алаяқтық дерегі тіркелген. Құқық қорғау органдарының мәліметінше, бұл қылмыстардың басым бөлігінде дропперлік схема қолданылған. Күмәнді қаржылық аударымдар арнайы жүйе арқылы анықталып, тексеріледі.

АЙДАР ҚОНЫСБЕК, ҚАЛАЛЫҚ ПОЛИЦИЯ ДЕПАРТАМЕНТІ КИБЕР ҚЫЛМЫСҚА ҚАРСЫ ІС-ҚИМЫЛ БАСҚАРМАСЫНЫҢ АҒА ЖЕДЕЛ УӘКІЛІ:

Әрбір интернет алаяқтық бойынша ақша аударылымы дропперлердің картасына түседі. Антифрод желісі арқылы Ішкі істер министрлігі мен Ұлттық банк тарапынан Антифрод жүйесі бар сол жүйеге әр арызданушының өтініші бойынша барлық банктік деректемелер толтырылады. Содан кейін екінші банк қызметкерлері әр счет бойынша бізге жауап береді.

Шотыңызға кенеттен қомақты қаржы түсіп, бейтаныс нөмірден  қоңырау шалып, ақшаны өзіне қайта аударуды сұраса, асығыс шешім қабылдамаңыз.

НҰРСҰЛТАН ОРЫНБЕК, ЗАҢГЕР:

Ақшалар бейтаныс адамнан түсетін болса бірінші кезекте банкке хабарласу керек немесе банк бөлімшесіне бару арқылы немесе қазір кейбір банктердің қосымшаларында арнайы кері қайтару деген функция бар. Соны кері өзіне қайтару керек салған адамның. Үшінші тұлғаға болмаса байқамай салып жіберіппіз  дегендерге, белгісіз номерлерге жіберуге болмайды. Себебі алаяқтар ақшасын жылыстату үшін осындай тәсілдер пайдаланады.

Аңғалдық пен адалдықтың арасы бір қадам. Мамандардың айтуынша, дроппер болмаудың ең қарапайым жолы – сақтық. Яғни, өз картасын, есепшотын, SMS-кодын ешкімге бермеу, күмәнді ұсыныстарға келіспеу және “жеңіл табысқа” сенбеу. Бір сәттік аңғалдық  бірнеше жылдық жазаға алып келуі мүмкін.