$541.34 €640.73 ₽6.53
×

2026 жылы пәтер бағасы қандай болады?

AstanaTV
04.02.2026ж. 19:00
2026 жылы пәтер бағасы қандай болады?

Қосымша құн салығы 16 пайызға көтерілген соң тұрғын үй нарығында алаңдаушылық күшейді. Желтоқсанда халық жаппай пәтер алуға асығып, баға тіпті шарықтап кетті. Ал қазір нарықтағы жағдай қандай және баға тағы өсе ме? Әріптесім Аяулым Изатқызы сарапшылардың болжамын сұрап көрді.

Айлығын да, байлығын да баспаналы болуға жиятын бұқараның басты мәселесі әлі күнге шешілмей келеді. Пәтер құны жыл сайын бірнеше есе артып, аспандап барады. Оның үстіне  ҚҚС 16% болып бекітілді. Сәйкесінше, қарашаның қорқынышы күшейіп, желтоқсанда жаппай пәтер алған. Мұны пайдаланған құрылыс компаниялары бағаны негізсіз өсіріп жіберген. 

ТИМУР БАЙКОВ, РИЭЛТОР:

16 пайыздық құн салығы тек 2026 жылдан бастап салынған үйлерге қатысты. Бірақ желтоқсан айында халық ажиотаж тудырғаннан кейін компаниялар бұрынғы пәтерлердің де бағасын көтеріп жіберді. Ал қаңтар айында бағада айтарлықтай өсім болмады. Қазір барлығы тұрақталып тұр. Дегенмен наурыз айында тұрғын үй бағдарламалары іске қосылып, баға міндетті жоғарылайды.

Ал құрылысшылар одағының өкілдері керісінше баға тұрақталатынын айтады. Оған бірнеше фактор әсер етеді.

ДИЛЯРА СЕЙІТНҰРОВА, "ҚАЗАҚСТАН ҚҰРЫЛЫСШЫЛАР ОДАҒЫ" АЛМАТЫ ОБЛЫСЫ ФИЛИАЛЫ ДИРЕКТОРЫНЫҢ ОРЫНБАСАРЫ:

Қазір доллардың бағасы төмендеп жатыр. Ол тұрақталды деп айтуға болады. Қазіргі кезде қосымша құн бағасы қалыптасты 16 пайыз. Үшіншіден, сұраныс кішкене азайды деуге болады. Енді қазіргі кезде нарықтың бағасы пәтерлерге және жекеменшік үйлерге тұрақталады.

Ал экономистер басқа болжам айтты. Сөздерінше, биыл баға төмендейді

МАРАТ ӘБДІРАХМАНОВ, ЭКОНОМИСТ:

Биыл қысқа мерзімде пәтерлердің құны түседі. Өйткені сұраныс азаяды. Азаматтардың табысы сол деңгейде қалды ғой. Ақшалар қосылмады ғой. Сол үшін бағалар түседі. Ал келесі жылы девальвация болса, бағалар өседі.  

Десе де, сарапшылар баспанаға бағытты бүгіннен бастаған жөн деп отыр.