$541.34 €640.73 ₽6.53
×

Трамп журналистерді балағаттады

Трамп журналистерді балағаттады

Эпштейн туралы сұрағаны үшін балағаттады. Трамп Ақ үйдің төрінде журналистердің түгін қалдырмады. Тарихта бұндай өтірікшіне көрмедім, - дейді АҚШ Президенті. Трамп бұнымен шектеліп қалмады. Ең абыройлы Гремми премиясын жүргізген әзілкештер мен әншілерді сотқа бермекші. Себебі, олар Президент саясатын сынға алып, мазақ еткен. Израиль әскері үйлеріне оралмақ болған босқын әйелдерді шекара бекетінде азаптады. Шартараптағы соңғы жаңалықтарды Еркелді Тілеуқұл шолып шықты.

Тарихта сен секілді суайт тілшіні көрмедім. Трамп CNN журналисті Кейтлин Коллинзді балағаттады. Президент заңға қол қойып жатқан кезде, Джеффри Эпштейннің ісі не болып жатыр деп сұраған. Осыған дейін дәл осы Коллинзді Трамп өз әлеуметтік желісінде «Топас», - деп балағаттаған еді.

ДОНАЛЬД ТРАМП, АҚШ ПРЕЗИДЕНТІ:

Мен сені танығаныма 10 жыл болды. Сенің бір жымиғаныңды көрмедім. Неге екенін де білемін. Айтқан, жазғаныңның барлығы өтірік. Оны өздерің де білесіңдер. Жап-жас болып алып, осыншама зымиян болуға бола ма?

Мені мазақ еткендердің барлығын сотқа беремін. Трамп әншілер мен әзілкештерге де сес көрсетті. Гремми премиясын табыстау кезінде жүргізуші – Тревор Ной және Бэд Банни мен Билли Айлиш секілді Голливуд жұлдыздары мінберден Президент саясатын сынға алған.

ДОНАЛЬД ТРАМП, АҚШ ПРЕЗИДЕНТІ:

Түсінемін, адамдар мен арқылы өздерін танымал еткісі келеді. Бірақ, ол адамдардың барлығын мен сотқа беріп, кешірім сұраттым. Оның үстіне, миллиондап маған өтемақы төледі. Ауыздарыңа келгенді оттап, жазаланбаймын десеңдер, қателесесіңдер. Сазайларыңды тарттырып жіберемін.

Израиль әскері палестиналық әйелдерді азаптады. Кезінде, Мысырға соғыстан қашып барып, енді бейбітшілік орнағанда Рафах кеден бекіті арқылы 50-ге жуық келіншек, балаларын ертіп алып, қайтадан Газа секторына оралмақ болған. Алайда, көрмеген қорлығымыз жоқ, - дейді. Оның үстіне, кеден бекетінен әлі де әрі аса алмай отыр.

ХУДА АБУ АБЕД, БОСҚЫН:

Мысырда бір жыл тұрдым. Өзім де, балаларымыз да емделдік. 2024 жылы соғыста ұлым қаза тапты. Оны жерлеуге де қатыса алмадым. Қазір, үйде 2 балам қалды. Оларға жете алмай отырмын. Біз бір топ әйел шекарадан өтпек болғанда, бізді кіргізбек түгілі, ұрып-соқты. Бірнеше күн бойы нәр татпадық. Қарапайым су бермеді.

Израиль қайтадан Ливандағы елді-мекендерге соққы жасады. Нәтижесінде 1 адам мерт болып, 8 ауыр жарақаттанды. Израиль билігі лаңкестердің көзін жойдық десе, Ливан қарапайым тұрғындар зардап шеккенін айтып жатыр.