Тойота Альфард пен рөлі оң қапталда орналасқан өзге көліктер енді жолаушы тасымалдай алмайды. Қалааралық бағыттарда танымал такси қосымшалары арқылы жүруге тыйым салынады. Көлік министрлігі мен Ішкі Істер министрлігі жолдарда апаттарды азайту үшін бірлескен шаралар әзірлеуде. «AMANAT» партиясы жанындағы сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл жөніндегі Республикалық кеңестің отырысында қос ведомство өз жобаларын таныстырды. Кеңес төрағасы, Ерлан Саиров адам өмірін қорғау - басты міндет екенін ескертті. Алайда, бір мезетте жүргізушілерді де жұмыссыз қалдыруға болмайтынын айтты. Жол-көлік оқиғаларының алдын алу үшін шетелде қызмет көрсету мерзімі ескірген көліктер де техникалық талаптарға сай келмегендіктен, кіргізу тәртібін қатаңдату туралы да ұсыныстар болды.
ЕРКЕБҰЛАН КҮЛБАСОВ, АВТОСАРАПШЫ, ҚОҒАМ БЕЛСЕНДІСІ:
Осы көліктерге байланысты біз бұрын да айтқанбыз. Азаматтардың тарапынан ұсыныстары бар. Компромиссіміз де бар. Соны отырып алып, көлік министрлігімен бірге жұмыс істейтініміз – бүгінгі жиынның шешімі және жемісі деп ойлаймыз. Көлік министрлігі бар, Ішкі Істер министрлігі де бар, өгіз де өлмейтін, арба да сынбайтын жақсы шешім шығып, барлығымыздың көңілімізден шығатын шешім шығады деп ойлаймыз.