$541.34 €640.73 ₽6.53
×

Жол апаты көбейді: Астана – Павлодар тас жолында жылдамдық шектеледі

05.02.2026ж. 19:00
Жол апаты көбейді: Астана – Павлодар тас жолында жылдамдық шектеледі

Соңғы 10 жылда жол апаты екі есе көбейді. Оқыс оқиғаның салдарынан былтыр 51 мың тұрғын зардап шеккен. Бұл көрсеткіш 2024 жылмен салыстырғанда 14 процентке көп. Мұндай мәселе жиілегеннен кейін Астана-Павлодар тас жолында жылдамдық шектелетін болды. Бұл трассада тілқатпай кеткендер санын азайта ала ма? Аружан Задабек толықтырады.

АРУЖАН ЗАДАБЕК, ТІЛШІ:

«Апат айтып келмейді» десек те, бізде жылдамдықты — батырлық, ал ереже сақтауды — әлсіздік деп ұғатындар аз емес.  Салдарынан жол-көлік оқиғасы жиілеп, тізгіндегілер тіл тартпай жетіп жатыр. Қазақстанда жыл сайын 2 мыңнан аса адам осы трассада көз жұмады. Бұл жай сан, статистика боп естілгенімен, ондағы әр оқиғаның артында қара жамылған тұтас бір әулеттің қасіреті жатыр.

Елде 6 миллионға жуық көлік бар. Соңғы 10 жылда темір тұлпардың саны 2,5 есеге көбейген. Сәйкесінше апат саны да артқан.

Мәселен, былтыр ең көп жол-көлік оқиғасы Алматыда тіркелді. 2015 жылмен салыстырғанда 37 процентке көп. Ал Астанада үш есе өскен. Маңғыстау облысы да көш басында. Қызылорда мен Атырау тұрғындары да трассадағы трагедияға жиі тап болады.

МАХАМБЕТ ТӨЛЕШОВ, ҚАЛАЛЫҚ ПОЛИЦИЯ ДЕПАРТАМЕНТІ ӘКІМШІЛІК ПОЛИЦИЯ БАСҚАРМАСЫ БАСТЫҒЫНЫҢ ОРЫНБАСАРЫ:

Жыл басынан бері елордада 159 жол оқиғасы тіркелді. Салдарынан 197 адам жарақат алып, 2 адам қаза тапты. Негізгі себеп – жол қозғалысына қатысушылардың жол ережелерін сақтамауы.

Жол апатының жиілегені сонша, былтыр қара жолда қара жамылғандар саны тарихта болмаған деңгейге жетті.

51 мың адам жапа шегіп, 49 мың жолаушы түрлі дене жарақатын алған. Демек, бір жылдағы өсім – 20 процент. Оның арасында үйіне оралмай, о дүниеге аттанғаны қанша? Ресми мәліметте бұл көрсеткіш 2300 тұрғын деп көрсетілген.

Былтырғы жағдай биыл да қайталануы мүмкін. Жылдың басталғанына 1 айдан енді асса да, тұлпарын тізгіннен шығарғандар саны аз емес. Мәселені алдын алу үшін 9 ақпаннан бастап «Астана – Павлодар» автомобиль жолында жылдамдық режимі уақытша төмендетіледі. Енді шекті шылдамдық 140 емес, сағатына 110 шақырым.

СӘКЕН ДІЛДАХМЕТ, «ҚАЗАВТОЖОЛ» ҰЛТТЫҚ КОМПАНИЯСЫНЫҢ РЕСМИ ӨКІЛІ:

Бұл шешімді ІІМ шығарды. Яғни қыс мезгілінде осы бағытта жол-көлік оқиғасы болмауы үшін қабылданып жатқан шараның бірі. Өздеріңіз білесіздер, осы бағытта жүргізушілер қатты айдайды, жылдамдықты асырып жатады. Бұдан бөлек, ақпан-наурыз айларында ауа-райының күрт бұзылуы, көктайғақ бар.

АРУЖАН ЗАДАБЕК, ТІЛШІ:

Жауаптылар жағдайды барынша жақсарту үшін тиісті шешімдерді қабылдап жатыр. Десе де, соңғы жауапкершілік жүргізушінің өзінде. Әсіресе, сыраға сылқия тоятындар мойнындағы жүкті ұғынса дейміз. Бәлкім мас күйінде «темір тұлпарды» тізгіндемегенде қайғылы жағдайлардың саны азаяр ма еді?!