Оралдық көтерме сауда орындары заңды аяққа басып, көкөніс бағасын еселеп қымбаттатыпты. Негізінде әлеуметтік маңызға ие азық-түлікке қосылар үстеме өз бағасынан 15 пайыздан аспауы тиіс. Сауда орындарын тексерген экономикалық тергеп-тексеру департаменті картоптың, пияздың, қарақұмық жармасы мен тауық етінің негізсіз өсірілгенін анықтады. Айласын асырғандар тіпті тауық жұмыртқасының өзін 54% қымбаттатыпты. Бұл жағдай азық-түлік бағасының негізсіз қымбаттауына түрткі болады, дейді мамандар. Бұдан кейін департамент қызметкерлері тағам өнімдерін жеткізу және олардың бағасын бақылауды күшейтті. Ал пайда көздеген кәсіпкерлерге әкімшілік айыппұл салынды.
ЛАУРА ОРАЗҒАЛИЕВА, БҚО ЭКОНОМИКАЛЫҚ ТЕРГЕП-ТЕКСЕРУ ДЕПАРТАМЕНТІНІҢ АҒА ТЕРГЕУШІСІ?
Сауда үстемесін асыра белгілегені үшін 9 көтерме жабдықтаушы әкімшілік жауапкершілікке тартылды. Әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларын мемлекеттік мекемелерге жеткізу кезінде де сауда үстемесінің арттырылғаны анықталды. Нәтижесінде мемлекеттік сатып алу аясында жасалған 6 келісімшарт бұзылды. Облыстың 7 мекемесі әлеуметтік маңызы бар азық-түлік өнімдерін сатып алу барысында шамамен 9,8 млн теңге үнемдеді. Қазіргі уақытта тағы 1 дерек қаралуда.