$541.34 €640.73 ₽6.53
×

"Жаңа Конституция жобасына әйел азаматтардың көзқарасы: құқық, теңдік, қатысу" тақырыбында дөңгелек үстел өтті

"Жаңа Конституция жобасына әйел азаматтардың көзқарасы: құқық, теңдік, қатысу" тақырыбында дөңгелек үстел өтті

Астанада «Жаңа Конституция жобасына әйел азаматтардың көзқарасы: құқық, теңдік, қатысу»  тақырыбында дөңгелек үстел өтті. Жиналғандар құжатқа қатысты өз ойын айтып, пікірін ортаға салды. 

Әртүрлі салада еңбек етіп жүрген  70-ке жуық белсенді әйел бір дөңгелек үстедің басына жиналды.  Қатарында депутаттар, Конституциялық комиссия мүшелері, сарапшылар және партияның әйелдер қанатының өкілдері бар. Олар жаңа Конституцияның жобасындағы өзгерістерді талқылады.  

ЗАРА ШАЛАБАЕВА, «AMANAT» ПАРТИЯСЫ ҚАРАҒАНДЫ ОБЛЫСТЫҚ ФИЛИАЛЫ ӘЙЕЛДЕР ҚАНАТЫНЫҢ ЖЕТЕКШІСІ:

Конституцияға енгізілетін өзгерістер туралы сөз болғанда, мен үшін бұл жай ғана заңнамалық мәселе емес. Бұл – ең алдымен халықпен әңгіме. Мен күн сайын саясаттан алыс, бірақ шынайы өмірге жақын қарапайым азаматтармен байланыстамын. Ең бастысы, адамдар өз пікірінің естілгенін қалайды. Олар бұл үдерістен шет қалмай, белсенді түрде қатысып отыр. Себебі Конституция билік үшін емес, халық үшін жасалатын құжат.

«Қазақстан мүгедектер конфедерациясы» республикалық қоғамдық бірлестігінің президенті Жанат Омарбекова Конституция жобасында бекітілген тең құқықтылық пен кемсітушілікке жол бермеу қағидаттары іс жүзінде жүзеге асады деген үмітін білдірді.

ЖАНАТ ОМАРБЕКОВА, «ҚАЗАҚСТАН МҮГЕДЕКТЕР КОНФЕДЕРАЦИЯСЫ» РҚБ ПРЕЗИДЕНТІ:

Конституция жобасында Қазақстан азаматының тең құқықтары нақты көрсетілген. Денсаулық сақтау, білім алу, еңбек ету, жұмыспен қамтылу және кез келген кемсітушіліктен қорғалу құқығы айқын жазылған. Мұның барлығы заң жүзінде бекітілген.

Сондай-ақ, саясаттағы әйелдер қауымының өкілдері әріптестерінің Конституция жобасын әзірлеуге қатысуының өзі әйелдердің қоғамдағы рөлінің артқанын көрсетеді дейді.

ЛЯЗЗАТ РАЗБЕКОВА, ҚАЛАЛЫҚ МӘСЛИХАТ ДЕПУТАТЫ:

«AMANAT» партиясының әйелдер қанатынан үш Мəжіліс депутаты Конституциялық кеңес құрамында бар. Бұл біз үшін, әсіресе партиядағы әйелдер үшін өте маңызды. Біздің үніміз естіліп жатыр. Біз өз ойымызды, ұстанымымызды ашық жеткізе аламыз.

Дөңгелек үстелге қатысушылар талқылау қорытындылары Конституциялық комиссияның алдағы жұмысына енетінін атап өтті.