«Таза бейсенбі» экологиялық акциясы еліміздің бірқатар өңірінде қарқынды түрде жалғасып жатыр. Астана, Шымкент және Қызылорда қалаларында қоғамдық орындар мен тарихи нысандар аумағында тазалық жұмыстары ұйымдастырылды. Акцияның мақсаты – қоршаған ортаны қорғау, экологиялық мәдениетті қалыптастыру және тұрғындарды тазалыққа баулу.
Астанада акция аясында 20-ға жуық колледж студенті Сәкен Сейфуллин атындағы музей маңын қардан тазартты. Жұмысты бітірген соң жастар музейді аралап, құнды жәдігерлермен танысты.
АРАЙЛЫМ ӘБДУАЛИЕВА, "AMANAT" ПАРТИЯСЫ САРЫАРҚА АУДАНДЫҚ ФИЛИАЛЫНЫҢ КОНСУЛЬТАНТЫ:
Ең басты мақсатымыз - жастарға экологияны сақтау, тазалықты сақтау әсіресе осы мәдени, қоғамдық орындарда тазалықты сақтауды өздерінің бойларына сіңіру. Табиғатты сақтауды үйрету.
Қызылорда облысы Тереңөзек кентінде де тұрғындар мен ерікті жастар
Қалжан ахун мешіті мен медресесі аумағында тазалық жұмыстарын жүргізді. Тарихи-мәдени ескерткіш ретінде мемлекет қорғауына алынған бұл кешен ХІХ–ХХ ғасырларда балаларға жазу-сызу үйретілген рухани орталық болған. Еріктілер мен ауыл тұрғындары нысан аумағын сыпырып, ескерткіш тақталарын жуып-тазалады.
АҚТӨРЕ ИБРАГИМҰЛЫ, «AMANAT» ПАРТИЯСЫ СЫРДАРИЯ АУДАНДЫҚ ФИЛИАЛЫНЫҢ АТҚАРУШЫ ХАТШЫСЫ:
Бұл тазалық жұмыстарының жүргізудегі басты мақсатымыз біздің осы киелі мекеннің тазалығын қамтамасыз ету арқылы халықтың, жалпы жұртшылықтың тарихи орындарға деген құрметін арттыру болып табылады. Акция шеңберінде өңірімізде, аймағымызда жақсы жұмыстар тұрақты түрде жүргізіліп келе жатыр.
Ал Шымкенттегі іс-шараға партияның қалалық және аудандық филиалдарының қызметкерлері, «Жастар рухы» жастар қанатының белсенділері мен коммуналдық сала мамандары атсалысты. 30-дан астам адам қала тазалығына үлес қосты. Халық көп жүретін қоғамдық орындар мен бос жатқан аумақтарды тұрмыстық қалдықтардан, қураған ағаштар мен жапырақтардан тазартты.
АБАЙ СЫРЛЫБАЕВ, "AMANAT" ПАРТИЯСЫ "ЖАСТАР РУХЫ»" ЖҚ ШЫМКЕНТ ҚАЛАЛЫҚ ФИЛИАЛЫ ТӨРАҒАСЫНЫҢ ОРЫНБАСАРЫ:
«Таза бейсенбіге» әр апта сайын біздің белсенділеріміз келіп отырады. Мақсатымыз қоршаған ортаны қорғау, ластамау. Сол өзіміздің үлесімізді қосып, қоршаған ортамызды, табиғатымызды қорғаймыз.
«Таза бейсенбі» акциясы алдағы уақытта да еліміздің барлық өңірінде жалғасын табады. Мұндай шаралар қоршаған ортаны қорғаумен қатар, тұрғындардың экологиялық мәдениетін арттырып, тазалықты күнделікті өмір салтына айналдыруға бағытталған.