$541.34 €640.73 ₽6.53
×

10 жылда балалар саны 1,5 миллионға артты

05.02.2026ж. 20:30
10 жылда балалар саны 1,5 миллионға артты
Фото: "БЖЗҚ" АҚ

Бұл туралы Оқу-ағарту министрлігінің өкілдері Орталық коммуникациялар қызметінің алаңында «Қазақстан балалары» атты 2026–2030 жылдарға арналған тұжырымдаманы таныстыру барысында мәлім етті.

Министрліктің баспасөз қызметінің хабарлауынша, Қазақстанда шамамен 6,9 млн бала тұрады, бұл ел халқының жалпы санының 34 пайызы. Соңғы 10 жылда балалар саны 1,5 млн-ға артқан. Бұл тұрақты демографиялық өсімді және балалық шақ саласындағы жүйелі мемлекеттік саясаттың өзектілігін көрсетеді.

Осы ретте министрлік өкілдері «Қазақстан балалары» Тұжырымдамасының Мемлекет басшысының тапсырмасымен Бала құқықтары жөніндегі уәкілмен және тиісті мемлекеттік органдармен бірлесіп әзірленгенін атап өтті.

Алғаш рет балалардың қауіпсіздігін қамтамасыз етуге, білім алуға, денсаулығын қорғауға, сондай-ақ отбасын қолдау мен әлеуметтік қорғауға бағытталған барлық қолданыстағы шаралар мен бағдарламалар бір жүйелі құжатқа біріктірілді.

Тұжырымдама бала құқықтарының негізгі бағыттарын қамтитын төрт басым бағыттан тұрады. Олар балалардың қауіпсіздігі, сапалы білім алу құқығы, денсаулықты қорғау, сондай-ақ отбасы және әлеуметтік қорғау саласындағы құқықтар. Тұжырымдаманың тиімділігін бағалау үшін 10 индикатор айқындалып, оны іске асыру 158 іс-шара арқылы қамтамасыз етіледі.

Құжатта балалардың қауіпсіздігі мәселелеріне ерекше назар аударылған. Елде психологиялық қолдау орталықтары жұмыс істейді, барлық мектептерде қауіпсіздік сабақтары енгізілген, «111» байланыс орталығы қызмет көрсетуде.

Тұжырымдама аясында зорлық-зомбылықтан зардап шеккен балаларға көмек көрсету инфрақұрылымын одан әрі дамыту, тәуекелдерді ерте анықтауға арналған цифрлық құралдарды енгізу, сондай-ақ психологиялық және менторлық сүйемелдеуді кеңейту жоспарланған.