Ал Астанада толассыз жауған қар жұртты әбігерге салды. Түндегі жаңбыр соңы қалың қарға ұласып, көктайғақтан көшелерде қозғалыс қиындады. Омбылаған жұрт таңертең жұмысқа жете алмай қиналды. Ауа райының қолайсыздығынан әуе рейстері де кешікті. Ұшу қауіпсіздігін қамтамасыз ету үшін барлық қызмет күшейтілген режимде жұмыс істеп жатыр.
АҚБОТА БАЗАРБАЙ, ТІЛШІ:
Бірде жұмсақ, бірде қатал. Ақпан айы биыл да өз мінезін көрсетті. Таңнан бері тоқтаусыз жауған сулы қар елорда тіршілігін баяулатып, қала көшелерін ақ түнекке айналдырды. Қар ауыр, жол тайғақ. Көріну қашықтығы төмендеп, көлік қозғалысы баяулаған. Қазір қала ортасында коммуналдық қызметтер қар тазалауға кіріскенімен, жауынның толастар түрі жоқ.
Таңғы қарбаласта жолға шыққан тұрғындар үшін бүгінгі күн оңай болған жоқ. Қоғамдық көлік аялдамаларында адам қарасы көбейіп, көліктердің қозғалысы баяулады. Тайғақ жол әр қадамды есеппен басуға мәжбүр етеді.
БЛИЦ:
- Қатынау қиындады. Жұмысқа кішкене кешіктік. Өйткені жолды тазалап, жүру қиындады, иә.
- Таксидің бағасы қымбаттады. Көлік жүру қиындады, тым көп уақытты алады.
- Бүгін үйге қайтқым келген. Бірақ осы ауа райы бойынша қар жауып, біздің жолымыз жабық қазір. Сол үшін үйге бара алмай жатырмын.
- Кеше жауын жауды кешке қарай. Ойлағам ешқайда шыға алмайтын шығармын енді деп. Гололед болады деп.
Таңнан бері қаланы қардан тазалауға 3 мыңнан астам жол жұмысшысы мен 2 мыңға жуық арнайы техника жұмылдырылған. Коммуналдық қызметтер тәулік бойы күшейтілген режимде жұмыс істеп жатыр.
САҒЫН ШОЙЫНБЕКОВ, КОММУНАЛДЫҚ САЛА ҚЫЗМЕТКЕРІ:
Жұмыс азанғы 9-дан кешкі 4-ке дейін. 15-20-25-тей камаз бар ау бізде осы көшені тазалап жатқан. Әр жерде әр түрлі камаз тазалайды. ЗҚаявкаға байланысты мына жақта мынанша камаз, мына жаққа мынанша камаз дейді. Соған байланысты ғой.
Тазалық жұмыстары қала аумағында кезең-кезеңімен жүргізілуде. Алдымен негізгі көшелер мен әлеуметтік нысандардың айналасы қардан аршылып жатыр.
ЗАМИРА ҚАУЫҚ, КОММУНАЛДЫҚ САЛА ҚЫЗМЕТКЕРІ:
Жаңбыр аралас қар жауып, жағдайымыз қиын. Таңертеңнен малмандай су боламыз. Таңертең ерте келеміз 3-те тұрып, осы жерге 5-те келеміз жұмысқа.
Синоптиктердің болжамынша, алдағы тәуліктерде де қар жауып, көктайғақ сақталады. Түнде және таңертең тұман түсіп, күндіз боран соғуы мүмкін.
АРУЖАН МҰРАТОВА, "ҚАЗГИДРОМЕТ" РМК БАСПАСӨЗ ХАТШЫСЫ:
Алдағы күндері Қазақстан аумағында ауа райы тұрақсыз болып қала береді. Республика аумағының басым бөлігінде жаңбыр және қар түрінде жауын-шашын, боран, желдің күшеюі, көктайғақ құбылыстары күтіледі. Кезеңнің басында шығыста, кезеңнің соңында Қазақстанның батысында қатты қар жаууы болжанады. Республиканың оңтүстігінде бүкіл кезең бойы қатты жауын-шашын жаңбыр мен қар күтіледі.
Мамандар тұрғындарды жолда барынша сақ болуға, ауа райы тұрақталғанша қажет болмаса алыс сапарларға шықпауға кеңес береді. Ақпанның ақ түтек бораны әзір басылмайды.