$541.34 €640.73 ₽6.53
×

Трамп Путиннің ұсынысын қабылдамады

Трамп Путиннің ұсынысын қабылдамады

Трамп Ресейдің ұсынысын қабылдамады. Қырғи-қабақ соғысы кезеңінен бері екі елдің ядролық қаруын бақылауда ұстап келген келісім АҚШ Президентінің ойынша ескірген. Трамп көпшілікті тағы таңқалдырды. Осыған дейін өзімді күнәһар сезіндім, бірақ, түзеліп, жұмаққа баратын секілдімін, - дейді. АҚШ сирек металлдарды өндіру бойынша Қытайға қарсы одақ құрып, бәсекелеспек. Шартараптағы соңғы жаңалықтарды Еркелді Тілеуқұл шолып шықты.

Ядролық бақылау тоқтады. Стратегиялық Басқыншы Ядролық қару туралы келісімді ұзартуға Владимир Путин Трампқа ұсыныс жасаған. Алайда, АҚШ Президенті оны қабыл алмады. Оның айтуынша, бұл келісім АҚШ үшін тиімсіз. Босқа америкалық әскердің әлеуетін шектеп келдік, - деп Президент пікірін баспасөз хатшысы жеткізді.

КЭРОЛАЙН ЛИВИТТ, АҚ ҮЙ БАСПАСӨЗ ХАТШЫСЫ:

Америка Құрама Штаттары нашар келісімшарттарға қарсы. Тиімсіз уағдаластықтарға Барак Обаманы кінәлауымыз керек. Біз ядролық қаруды таратпау тұжырымымен келісеміз. Дегенмен, бұлс іске Президент Трамп тәжірибелі мамандарды кірістіреді. Біз өзіміздің келісімді жасап, оны Ресейге ұсынамыз.

Трамп жұмаққа баруға дайындалып жүр. Соңғы кезде, сауапты істерді көп атқардым, - дейді. АҚШ Президенті діннің басты қорғаушысы екеніне назар аудара бастаған. Айтуынша, солшыл-демократтар дін бостандығына, дәстүрлерге шабуыл жасап келді. Сондықтан, адамзаттың басты құндылықтарына қорған болатынын жеткізді.

ДОНАЛЬД ТРАМП, АҚШ ПРЕЗИДЕНТІ:

Мен бұрын ойлайтынмын. О дүниеге барсам, жұмаққа баруға мүмкіндігім аз деп пайымдадым. Бірақ, мен соңғы жылдары жақсы адамдарды әділетсіздік пен зұлымдықтан қорғау үшін көп еңбектеніп келемін. Періштелер, бұның барлығын қағазға түсіріп алды деп үміттенемін. Сол кезде, жақсы жақтарым басым болып, Жұмаққа барып қалармын.

АҚШ Қытайға қарсы тағы бір одақ құрады. Бұл жолы сирек кездесетін металлдардың өндірісі мен өңдеуіне байланысты Қытайға бәсекелес болып қана қоймай, шектеу де қарастырылады. Себебі, бұл салада Қытайдың басымдығы ерекше. Болашақта заманауи индустрияны өзге елдерге қарсы қоқан-лоққы ретінде пайдалануына жол бермеу керек, - дейді вице-Президент Джей ди Вэнс.

ДЖЕЙ ДИ ВЭНС, АҚШ ВИЦЕ-ПРЕЗИДЕНТІ:

Біз әділ өндіріс пен әділ сауданы қарастыратын одақ құрғымыз келеді. Ірі өнеркәсібімізге шектеу қойылғанын қаламаймыз. Қазірің өзінде Қытай өзінің басымдығын пайдаланып, ойына келгенін істей бастады. Заманауи көлік, гаджет болсын кез-келген салада осы қазбалар қолданылады. Сондықтан, адамзаттың мүддесі үшін аса қажет деген пікірдеміз.

АҚШ пен Иран ядролық бағдарлама бойынша келіссөздерді бастады. Осымен кезекті кезең Оман астанасы Маскатта болды. Екі ел бір-біріне сес көрсеткеніне қарамастан, әңгімеміз жақсы өрбіді, - деп хабар таратты. Алайда, инсайдерлердің ақпаратына сенсек, аса маңызды пункттер бойынша тараптар келісе алмауда.