Денсаулық сақтау министрлігінің Санитариялық-эпидемиологиялық бақылау комитетінің ақпаратынша, қызылша ауруына шалдыққандардың дені-балалар.
Ауруға шалдыққандардың 79%-ы қызылшаға қарсы мүлде вакцина алмаған, ал 8%-дан астамы вакцинацияның толық курсын өтпеген. Сырқаттанған балалардың 59%-ы ата-аналардың вакцинациядан бас тартуына байланысты егілмеген. Санитариялық-эпидемиологиялық қызмет барлық қажетті профилактикалық және індетке қарсы іс-шараларды қабылдап жатыр. Алайда эпидемиологиялық жағдайды толық тұрақтандыру әзірге мүмкін болмай отыр. Қазіргі таңда инфекцияның таралуының негізгі себебі – ата-аналардың балаларын вакцинациялаудан бас тартуы», – делінген хабарламада.
Тек 2025 жылдың өзінде профилактикалық егулерден 19 мыңнан астам бас тарту жағдайы тіркелді. Бұл ұжымдық иммунитеттің төмендеуіне және қызылша бойынша жағдайдың нашарлауына әкелді, дейді ведомство.
«Құрметті ата-аналар, есте сақтаңыздар: қызылша – ең жұқпалы вирустық аурулардың бірі. Егілмеген жағдайда ол пневмонияға, жүйке жүйесінің зақымдалуына, мүгедектікке, тіпті өлімге дейін алып келуі мүмкін. Қорғанудың жалғыз сенімді жолы – вакцинация. Қызылшаға қарсы екпе жақсы қабылданады, ұзақ мерзімді иммунитет қалыптастырады және инфекцияның өзінен де, оның ауыр салдарларынан да тиімді қорғайды. Балаларыңыздың денсаулығы мен болашағы – өз қолдарыңызда. Оларды сенімді қорғаныстан айырмаңыздар. Вакцинация – тек өз балаңыздың ғана емес, айналаңыздағы адамдардың денсаулығы үшін де жауапкершілік», – деп хабарлайды Санитариялық-эпидемиологиялық бақылау комитеті.