Конституциялық комиссия отырысында мемлекеттік кеңесші Ерлан Қарин жаңа Конституцияның мәтінін өзге ел құжатынан көшіруге қатысты пікірін айтып, Ата заң мәтіні өзге елдерге үлгі бола алатынын жеткізді.
«Өздеріңіз жақсы білесіздер, eGov және e-Өтініш платформаларында «Конституциялық реформа» деп аталатын арнайы бөлім ашылған. Сол бөлім арқылы қарапайым азаматтар, қоғам қайраткерлері, түрлі қоғамдық бірлестіктер өз ұсыныстарын жолдап жатыр. Жаңа Конституция мәтіні жарияланғаннан бергі бір апта ішінде осы платформалар арқылы азаматтар мен қоғам өкілдерінен төрт мыңнан астам пікір мен ұсыныс келіп түсті. Алғашқы бір-екі күнде күніне шамамен мыңға жуық ұсыныс түскен болса, кейінгі күндері бұл көрсеткіш 400–300-ге, ал соңғы күндері 200, кейін 100 ұсынысқа дейін төмендеді», –дейді Қарин.
Оның айтуынша, бұл азаматтардың жаңа Конституция мәтіні бойынша өз пікірін негізінен қалыптастырып үлгергенін және қойған сұрақтарына тиісті жауап алып жатқанын көрсетеді.
«Әлеуметтік желілерде де белсенді пікір білдіріліп жатыр. Менің Instagram парақшама да Конституциялық комиссия мүшесі ретінде түрлі сұрақтар мен ұсыныстар келіп түсуде. Жақында комиссияның кезекті отырысы өткенін хабарлап пост жариялағанымда, Теміржан есімді азамат пікір қалдырды. Ол: «Осындай талқылаулар жасап, әр бапты қарағанша, неге дамыған елдердің дайын Конституциясын алып, соны қабылдай салмасқа?» деген ой айтты. Басында бұл пікірге аса мән берген жоқпын. Алайда кейін байқағанымдай, ол азамат осы мазмұндағы пікірін бірнеше жазбаның астына қайта-қайта қалдырған. Демек, ол өз ойын жеткізгісі келген. Осыдан кейін ойладым: бәлкім, қоғамда дәл осылай ойлайтын басқа азаматтар да бар шығар. Сондықтан бүгін мінберге шығып, осыған байланысты ойларға жауап беруді жөн көрдім», – деді мемлекеттік кеңесші.
Ол Конституция әр мемлекеттің өз болмысына сай қалыптасатын негізгі заң екенін баса айтты.
«Әр елдің тарихы, мәдениеті, тілі, саяси жүйесі әртүрлі. Сондықтан дамыған елдердің Конституцияларында жұмыс істеп тұрған нормаларды Қазақстанға сол күйінде көшіру мүмкін емес. Мысалы, Германияны, Францияны немесе Америка Құрама Штаттарын алсақ та, олардың өздері Конституцияны бір-бірінен көшірмеген. Мәдениеті, экономикасы, саяси жүйесі ұқсас мемлекеттердің өзі негізгі заңды бір-бірінен көшіріп алмайды. Ендеше, мәдениетіміз, салт-дәстүріміз, құндылықтар жүйеміз бөлек бола тұра, Қазақстан неге өзге елдердің Конституциясын сол күйінде қабылдауы керек? Оның үстіне, басқа елдердің Конституцияларында біздің мәдениетімізге, құндылықтарымызға мүлде сай келмейтін, тіпті қарама-қайшы нормалар бар. Біз оларды қабылдай алмаймыз. Керісінше, жаңа Конституция жобасында төл мәдениетімізге, ұлттық құндылықтарымызға қайшы келетін дүниелерге тосқауыл қойылып отыр. Мемлекеттің зайырлы сипаты туралы нормалар немесе неке туралы ережелер соңғы уақытта қоғамға ықпал ете бастаған жат құндылықтарға қарсы енгізілген нормалар», –деді Қарин.
Оның сөзінше, мұндай маңызды құжатты әзірлеген кезде тарих та, мәдениет пен болмыс та үлкен рөл атқарады.
«Қазір еліміздің жаңа Конституциясы отыз жыл бұрынғы жабық кеңседегі он екі адамның жұмыс тобының күшімен емес, ашық, тікелей эфирде, әр өңірден әртүрлі саланың өкілдерінен құралған үлкен комиссияның күшімен жазылып жатыр. Ең бастысы – бәріміз де елдің азаматтарымыз, сырттан шақырылған ешқандай шетел маманы жоқ. Себебі біз өз болашағымызды, өз тағдырымызды өзіміз анықтаймыз. Бұған дейін де айтқан болатынмын: бұл ең алдымен қазақ тілінде, мемлекеттік тілде жазылып жатқан Конституция, ел азаматтарының күшімен жүзеге асырылып отыр. Сондықтан тағы да қайталап айтқым келеді: бұл шын мәнінде халықтық Конституция. Бізге біреу сырттан келіп ақыл айтып отырған жоқ, біз өзіміз жиналып, өзіміз талқылап, даулассақ та, бір пікірге келіп, мемлекеттік, елдік, ұлттық мүддені құрып жатырмыз», – Ерлан Қарин.