$541.34 €640.73 ₽6.53
×

Бірдей мәтін бірдей нәтиже бермейді – Ерлан Қарин біреудің дайын Конституциясын көшіріп алайық деген ұсыныс жөнінде пікір білдірді

Бірдей мәтін бірдей нәтиже бермейді – Ерлан Қарин біреудің дайын Конституциясын көшіріп алайық деген ұсыныс жөнінде пікір білдірді
видео скрин

Конституциялық комиссия отырысында мемлекеттік кеңесші Ерлан Қарин жаңа Конституцияда ғылым мен инновация мемлекет қызметінің стратегиялық бағыты ретінде нақты бекітілгенін жеткізді.

«Бұл тұжырым – құндылықтан бағдарға көшудің айғағы. Конституцияның «Конституциялық құрылыс негіздері» деп аталатын бірінші бөліміндегі үшінші баптың екінші тармағында адам капиталын, білімді, ғылымды және инновацияны дамытуды мемлекет қызметінің стратегиялық бағыты деп танитыны нақты жазылып отыр. Бұл бөлек норма ретінде Конституцияда бекітілген. Сол секілді, аталған баптың бірінші тармағында еңбексүйгіштік, прогресс және білім құндылықтары алғаш рет Қазақстан қызметінің негіз құраушы қағидаттарының қатарында жарияланды. Жиырма үшінші баптың екінші тармағында зияткерлік меншік заңмен қорғалады деп айқын көрсетілгені де маңызды жаңашылдық. Бұл өзгеріс азаматтардың құқықтық қорғауын күшейтіп, құқық қорғау органдарының қызметіне жаңа талаптар енгізеді. Конституцияға ереженің енгізілуі Қазақстанның қылмыстық саясатын жазалаушы модельден, керісінше, құқық қорғаушы, гуманистік модельге түбегейлі бет бұрғанын көрсетеді және халықаралық адам құқықтары стандарттарына толық сәйкес келеді», –  деді ол.

Қарин атағандай, жаңа Конституцияда алғаш рет адвокатура және адвокаттық қызмет туралы арнайы бап бекітілді.

«Бұл – елімізде адам құқықтары мен бостандықтарын жаңа құқықтық тетіктермен қамтамасыз етудің нақты көрсеткіші (нормалар сексен алтыншы бапта толық жазылған). Жаңа саяси институттардың енгізілуі тек Орталық Азия үшін емес, бүкіл аймақ үшін де саяси жаңашылдық саналады. Атап айтқанда, бірпалаталы парламент, вице-президент институты, Халық кеңесі, жоғары консультативтік орган және Конституциялық соттың енгізілуі көптеген елдің саяси жүйесімен салыстырғанда үлкен инновациялық қадам болып отыр. Бұл халық мүддесін орталық билік деңгейінде жеткізу және қолдау механизмдерін күшейтеді. Президент ұсынған конституциялық өзгерістер тек жалпы халықтық референдум арқылы жүзеге асырылады, бұл да аймақ үшін маңызды демократиялық шешімдердің бірі» – деді ол.

Сонымен қатар көптеген лауазымды тұлғалардың қызметіне бір реттік мерзім белгілеу Конституция жобасындағы маңызды жаңашылдықтың бірі.

«Президенттен басқа, Бас прокурор, Жоғарғы сот төрағасы және Конституциялық сот төрағасы бір мерзімге тағайындалады. Бұл өзгеріс басқарушы элитаның жиі ауысуына жол ашып, жаңа тұлғалардың қызметке келуіне мүмкіндік береді. Бір реттік мерзімді белгілеу көптеген конституцияларда кездеспейтін, басқаларға үлгі болатын норма саналады. Ол 1995 жылғы референдумда енгізілген президенттің жақын туыстарының мемлекеттік саяси қызметке немесе квазимемлекеттік сектордағы басшылық лауазымдарға тағайындалуына тыйым салынатын нормамен үйлесіп тұр. Жаңа Конституцияда өңірдегі қоғамдық қатынастардағы жаңа құндылықтар да көрініс тапқан. Әсіресе әйелдердің құқықтарын қорғау, балалардың құқықтары мен қауіпсіздігі, қоршаған ортаны сақтау, волонтерлік және ата-аналардың жауапкершілігі сияқты қоғамдық дамуда пайда болып отырған жаңа стандарттар мен талаптар Конституцияға енгізілген», –  деді ол.

Ерлан Қарин атағандай, жоғарыда атап өткен жаңашылдықтардың бәрі – прогрессивті нормалар.

«Жаңа Конституциядағы саяси және институционалдық реформалар аймақтағы және әлемдегі конституциялық тәжірибеде сирек кездеседі. Қазақстан жаңа Конституция арқылы қазіргі заман талаптарына сай, халықаралық тәжірибеде назар аударарлық конституциялық модель қалыптастырады. Басқа елдердің Конституцияларын көшіру емес, керісінше, Қазақстан өз үлгісін көрсететін жаңа жол ашып отыр», – деді ол.