ШҚО-да полиция 170 көліктен тұратын автотізбектің қауіпсіз қозғалысын қамтамасыз етті.
Ауа райының күрделенуіне байланысты Өскемен – Семей тасжолында Шығыс Қазақстан облысы полиция департаментінің патрульдік полиция батальоны ұйымдасқан көліктер колоннасын алып жүруді қамтамасыз етті. Көлік тізбегінде шамамен 150 жеңіл және 20-ға жуық жүк көлігі болды. Патрульдік экипаждардың бақылауымен автокөліктер ешбір оқыс оқиғасыз Абай облысының әкімшілік шекарасына дейін жеткізілді. Қозғалыс барысында полиция қызметкерлері көлік ағынын үйлестіріп, жүргізушілерге жолдың жағдайы мен ауа райының өзгерістері туралы ескертіп отырды. Сондай-ақ жылдамдық режимі мен қауіпсіз арақашықтықтың сақталуын қадағалады. Бұл тіпті көрініс шектелген жағдайда да көліктің ұйымдасқан түрде және тұрақты қозғалысын қамтамасыз етуге мүмкіндік берді. Полиция жүргізушілерді қала сыртындағы жолдарда аса мұқият болуға, ауа райы мен жол жағдайын ескеруге, жол жүрісі қағидаларын қатаң сақтауға және қолайсыз ауа райында алыс сапарға шықпауға шақырады.