$541.34 €640.73 ₽6.53
×

Демалыс күнгі жәрмеңкелерге тұрақтандыру қорларының өнімдері шығарыла бастады

08.02.2026ж. 08:32
Демалыс күнгі жәрмеңкелерге тұрақтандыру қорларының өнімдері шығарыла бастады
https://t.me/saudagovkz

Елде жыл басынан 600-ге жуық демалыс күнгі ауыл шаруашылық жәрмеңкесі өткен. Бүгін Қазақстанның барлық өңірінде дәстүрлі ауыл шаруашылығы жәрмеңкесі өтті. Оған өңірдегі тұрақтандыру қорларының өнімдері шығарыла бастады.

Мәселен Ақтауда тұрақтандыру қорынан 2 тонна картоп, әрқайсысы 1 тоннадан сәбіз, пияз, қырыққабат, 1 тонна сиыр еті, 1000 литр сұйық май, 500 келі ас тұзы мен 1,5 тонна күріш, 700 келі рожки шығарылып, сатылды.

Ал Атырау облысында өткен жәрмеңкеге 1,2 тонна көкөніс өнімдері, 1 тонна сиыр еті, 0,6 тонна сүт өнімдері мен 0,4 тонна құс еті тұрақтандыру қорынан шығарылған.

Ұлытау облысының тұрақтандыру қорынан тұрғындарға 400 дана жұмыртқа, 1 тонна сиыр еті, 20 келі рожки, 20 келі қарақұмық, 50 келі ұн сатылды.

Қызылордада өткен жәрмеңкеде «Байқоңыр» әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациясының тұрақтандыру қорының өнімдері саудаланды. Онда картоп 160 теңгеден, пияз 126, сәбіз 135, қырыққабат 130, күріш 230, ұн 140, сиыр етінің келісі 2500 теңгеден сатылды.

Тұрақтандыру қорларынан бөлек жәрмеңкеге мыңға жуық отандық тауар өндірушілер мен кәсіпкерлер қатысты. Қазақстандықтарға кең тауар ассортименті ұсынылды. Мысалы, Солтүстік Қазақстан облысында өткен жәрмеңкеде жергілікті кәсіпкерлер 25 түрлі тауар түрін ұсынып, жалпы сомасы 7,7 млн теңгені құрайтын  4847 кг өнім сатқан. Ал Өскеменде өткен жәрмеңкеде кәсіпкерлер 15 тонна өнім ұсынған. Оның ішінде ет, бал және сүт өнімдері басымдыққа ие.

Ал Астана қаласындағы ауыл шаруашылығы жәрмеңкесіне жергілікті фермерлер ғана емес.  Абай, Павлодар, Қарағанды және Ақмола облыстарынан келген ауыл шаруашылығы тауар өндірушілері қатысты. Астанадағы жәрмеңкеде  сиыр етіне сұраныс жоғары. Ет өнімдерінен сиыр еті 3300–3500 тг/кг, жылқы еті 3000–3300 тг/кг, қой еті 3500 тг/кг ұсынылған.

Жәрмеңкеде шамамен 60 тонна бакалея өнімі, 50 тонна көкөніс өнімі, 50 тонна ет өнімі, сондай-ақ көкөністер мен жемістер, ет, ұн және сүт өнімдері, табиғи шырындар, тосаптар, джемдер және басқа да өнімдер нарықтық бағадан төмен саудаланды.

Үкіметтің тапсырмасына сай алдағы аптада да өңірлерде тұрақтандыру қорларындағы өнімдерді жәрмеңкелерге шығару жалғасады.