$487.37 €532.94 ₽5.09
×

Орал мен Павлодарда да лифт шаруашылығының жағдайы мәз емес

AstanaTV
08.01.2018ж. 20:00
3644
Орал мен Павлодарда да лифт шаруашылығының жағдайы мәз емес

Жарамсыз жеделсатылар тақырыбын жалғастырсақ. Лифт шаруашылығының жағдайы аймақтарда да мәз емес. Мәселен, Оралда 400-ден астам жеделсатының тең жарымы ғана қолданыста. Ал павлодарлықтар лифтлерді өз қаржысына ауыстыруға құлықсыз. Шаһарда көп қабатты үйлердегі көтергіш құрылғылардың 90 пайызының әбден тозығы жеткен. Қазір осы тақырып бойынша аймақтардағы әріптестер айтуға әзір. Алдымен Павлодардан Әсемгүл Мұхитқызы сөз алады. 

Әсемгүл Мұхитқызы, тілші:

Қалалық тұрғын үй инспекциясы берген ақпарға сәйкес, лифтердің дені тиісті 25 жылдық мерзімін әлдеқашан атқарған. Қазір жұмыс істеп тұрған 1430 лифтінің басым бөлігі күрделі жөндеуді талап етеді. Кешенді тексеріс барысында шаһардағы 17 көп қабатты үйде жеделсатылардың ілініп-салынып, өз міндетін әзер атқарып тұрғаны анықталды. 68 көтергіш шұғыл алмастыруды қажет етеді.

Атқамінерлер «Аймақтарды дамыту 2011-2020» бағдарламасы аясында лифтлерді жаңғырту мәселесін қарастыруда. Тұрғындар арасында насихат жұмыстары басталған. Дегенмен, жобаға қызығушылық танытып отырғандар аз. Шенеуніктер мұны қаржылық қиындықпен түсіндірді. Мәселен, бір лифтінің орташа құны 5,5 - 6 млн теңге тұрады.

Қизат Жақұпов, Павлодар қалалық тұрғын үй инспекциясының басшысы:

Бұл сома тұрғындарға тең бөлінеді. «Аймақтарды дамыту» бағдарламасы қайтарымды бюджеттік қаражатты қарастырған. Яғни пәтер иесі ақшаны 7 жылдың ішінде пайызсыз қайтаруы тиіс. Орташа есеппен бір үйдің төлемі айына 1000 немесе 2000 теңге болады. Өкінішке орай, халық бұған келіспей отыр.  

Әсемгүл Мұхитқызы, тілші:

Өңірде көтергіш механизмдерін модернизациялау ісі 2005 жылдан басталған. Содан бері бюджеттің қаржысына жүзге жуық лифт жаңартылып, 20 қондырғы диспетчерлендірілді. Ал, былтыр тұрғындардың есебінен екі көп қабатты үйдегі қондырғының электрқозғалтқышы ауыстырылды. Оралдағы лифтлер қандай күйде екен. Бұл туралы әріптесім Еркін Карин айтуға дайын. Еркін сөз өзіңде.

Еркін Карин, тілші:

Иа, Әсемгүл. Батыста да жеделсатылардың жайы көңіл көншітпейді. Оралда 400-ден астам жеделсаты болса, соның тең жарымы ғана қолданыста. Ал қалғанының пайдалану мерзімі асып кеткен. Келер жылы тексерістен өтпесе, тоқтатылуы мүмкін.

"Жарамдылық мерзімі 25 жылға есептелген лифтлер уақытылы тексерілмесе, жаңасының өзі бес жылда істен шығуы мүмкін". Бұл - салада 30 жыл бойы еңбек еткен кәсіпкер Борис Деевтің пікірі. Кәсіпкер жағдайдың қиын екенін айтады. Мұны пайда көздеген біркүндік фирмалардан көреді. Лифт шаруашылығы сондайлардың кесірінен оңалмай келеді, дейді. Қазір ол басқаратын мекеменің балансындағы 500 лифт он есеге азайған.

Борис Деев, «Уральсклифт» ЖШС директоры:

Лифтінің ай сайынғы төлеміне 11 мың теңге алсақ, біркүндік фирмалар бұл бағаны 7-8 мың теңгеге дейін түсіреді. Ал тұрғындар арзанына жүгіреді. Осылайша бізбен келісімшартты тоқтатады. Бірақ бұл фирмалардың жөндеу базасы жоқ, лифтіні уақытылы тексермейді, сынса жөндемейді. Жеделсатыларды күтіп баптап, уақытылы майын ауыстырып, механизмін тексеріп тұру керек. 

Мамандар тығырықтан шығу үшін лифт шаруашылығын мемлекеттік бақылауға алу керек деген ұсыныс айтты. Бір қызығы, өңірде бұл іспен тікелей айналысатын мекеме жоқ болып шықты.

Асхат Шадьяров, Орал қалалық ТҮКШ бөлімінің сектор меңгерушісі:

Бұрын әкімдік жанынан «Горлифт» мекемесі болды. Ол 2011 жылы жабылған. Тұрғын үй коммуналдық шаруашылығы басқармасы арқылы лифтілерді жаңғырта аламыз біздер. Тікелей бақылап, қадағалайтын жер жоқ бізде.

Еркін Карин, тілші:

Дегенмен тұрғын үй коммуналдық шаруашылығын жаңғырту бағдарламасы арқылы соңғы бес жылда Оралда 12 лифті жөнделіпті. Мамандар бұл бағдарлама халыққа қолайлы екенін айтады. Өйткені бір лифтіні ауыстыруға 8 миллион теңге кетеді. Әйтпесе тұрғындардың мұндай қомақты қаржыны өз қалтасынан төлей алмасы анық.

Еркін Карин, Әсемгүл Мұқитқызы