Қызылжарда билік өкілдері қызыл сызыққа енген ғимараттарды сүріп тастамақ. Осыған байланысты орталық базардағы жол маңайында орналасқан сауда павильондарында дау шықты. Себебі жолдан белгілі қашықтықты сақтау талабы әсіресе осы маңайда сақталмаған. Алайда, бизнес өкілдері көше бойындағы жүзден астам бутиктің заңды түрде бой көтергенін айтады. Олар сонда қызмет ететін 200-дей адам жұмыссыз қала ма, деп алаңдайды. Мәселе мәнісіне тілшіміз үңіліп көрді.
Абзал Құрманкин, тілші:
Көше бойындағы бутиктер 2003 жылы салынған. Қазір мұнда жүз елуге жуық сауда нүктесі бар. Барлығы дерлік заңға сәйкес тұрғызылған, дейді кәсіпкерлер. Алайда, енді олардың табыс көзінен қағылатын түрі бар. Әкімдік жол шетіндегі бутиктердің жойылатыны жөнінде ескерту қағазын тарата бастаған.
Олег Хрупин, кәсіпкер:
Бізге жер жалға берілген. Алдымен үш жылға, кейін он жылға ұзартылды. Ал кейбір кәсіпкерлер бутиктің орнын сатып алған. Біз бұл жерде қалатынымызға сенімді болғасын, павильондарды күрделі жөндеуден өткіздік. Енді қызыл сызыққа еніп тұрсың деп, қуып отыр.
"Қызыл сызықты аттамау ережесі 2008 жылы, яғни бутиктер салынып болған соң шықты", - дейді кәсіпкерлер. Сондықтан бизнесін сақтап қалуды көздеп отыр. Тіпті сауда павильондарының қасбетін өзгертуге дайын екендіктерін аңғартады.
Анна Ляшева, кәсіпкер:
Біз көктемде бутик қасбетінің жаңа жобасын жасап, әкімдікке ұсындық. Заманға сай болуы үшін жөндеу жұмыстарын жасайық деп. Эксиздің бір емес, үш нұсқасын бердік. Бірақ біреуін де қабылдамады.
Іске «Атамекен» ұлттық кәсіпкерлер палатасы да араласты. Бизнесмендердің мүддесін қорғайтын мекеме өкілінің айтуынша, қаладағы көптеген ғимараттар қызыл сызыққа еніп тұр. Сондықтан мәселе шешілер кезде қос жақтың пікірі ескерілуі қажет.
Жеңіс Қазиев, «Атамекен» ҰКП СҚОФ директорының орынбасары:
Петропавлда біраз нысандар қызыл сызықтың үстіне салынған. Қаланың жаңа бас жоспарын құрып, ескі ғимараттарды бұзу мәселесі жүйелі шешуді қажет етеді. Сондықтан арнайы жұмыс тобын құрдық. Оған кәсіпкерлер мен түрлі орган өкілдері кіреді.
Қаланың бас сәулетшісінің айтуынша, көше бойындағы павильондар да моральдық тұрғыдан ескірген. Сондықтан әкімдік оларды сүріп тастап, шаһардың орталық көшесін кеңейтуді жоспарлап отыр.
Ержан Қасентаев, Петропавл қаласы сәулет және қала құрылысы бөлімінің басшысы:
Барлығы 29 жер телімін сот арқылы мемлекет меншігіне қайтару жоспарда бар. Кәсіпкерлерге қаланың өзге аумағынан бос жер іздеңдер деп айттық. Яғни жерді жалға беруге дайынбыз. Бірақ, олар бас тартты. Ал бутик орналасқан жерді сатып алғандарға құны нарықтық бағамен төленеді.
Қалалық әкімдік жаңғырту жұмыстарына қатысты жобаларын республикалық жер комитетіне жолдаған. Павильондардың алдағы тағдырын осы мекеме шешеді. Айта кету керек, дәл осындай дау жарты жыл бұрын вокзал маңында туындаған. Мәселе сот арқылы шешіліп, кәсіпкерлер жеңіліс тапқан еді. Демек, моральдық тұрғыда ескірген бутиктерден арылу жұмысы Қызылжарда жүйелі түрде қолға алынған.
А.Құрманкин