Ақтөбе қаласындағы Алматы ауданында жеке үйден 1993 жылғы әйел мен оның 2015, 2020 және 2023 жылы туған үш баласының денесі табылды.
- Алдын ала мәлімет бойынша, қайғылы оқиғаның себебі табиғи газдан улану болуы мүмкін. Аталған дерек бойынша сотқа дейінгі тергеп-тексеру басталды. Оқиғаның барлық мән-жайын жан-жақты және объективті анықтауға бағытталған тергеу және процессуалдық іс-шаралар жүргізіліп жатыр. Түпкілікті қорытынды сараптамалардың нәтижесі бойынша жасалады. Полиция азаматтарды тек ресми ақпарат көздеріне сенуге және тексерілмеген мәліметтерді таратудан бас тартуға шақырады,- деп хабарлады Ақтөбе облыстық ПД бастығының орынбасары Әсет Қалиев.
Жергілікті әкімдік тарапынан комиссия құрылды.
- Ақтөбе облысының әкімінің тапсырмасымен жағдайды жан-жақты зерделеу үшін арнайы комиссия құрылды. Комиссияны Ақтөбе қаласының әкімі Азамат Бекет басқарады. Комиссия уәкілетті органдармен өзара іс-қимыл жасай отырып, тексеру жүргізіп, тергеу қорытындысы бойынша тиісті шаралар қабылдайды. Қазіргі уақытта құзырлы органдар тарапынан тергеу амалдары басталды. Ақтөбе облысының әкімдігі марқұмдардың туған-туыстары мен жақындарына қайғыра көңіл айтады. Жергілікті атқарушы органдар тарапынан жерлеу рәсімін ұйымдастыруға көмек көрсетіліп, сондай-ақ қажетті материалдық және әлеуметтік қолдау көрсетілетін болады, - деді Алматы ауданының әкімі Рүстем Өтешов.