$541.34 €640.73 ₽6.53
×

Таразда 36 жастағы әйел 2 баласын бесінші қабаттан лақтырып жіберген

AstanaTV
09.02.2026ж. 19:00
Таразда 36 жастағы әйел 2 баласын бесінші қабаттан лақтырып жіберген

Таразда 36 жастағы әйел 2 баласын бесінші қабаттан лақтырып жіберген. Аброй болғанда бүлдіршіндер аман, бірақ жағдайлары мәз емес, жан сақтау бөлімінде жатыр. Жантүршігерлік оқиға қаладағы  Төлеби даңғылы бойындағы жатаханалардың бірінде болған. Куәгерлердің айтуынша,   келіншек күйеуімен жанжалдасып қалған. Ұрыс кезінде отағасы үйден шығып кетіпті. Кейін оған қасарысқан келіншек 5 жастағы қызы мен 3 жасар ұлын бесінші қабаттың терезесінен тастап жіберген көрінеді.   Періштесі  қақты ма, балалар аман қалған.   Ауруханаға жеткізілді, жансақтау бөлімінде жатыр.  

МӘУЛІМ КЕНЖАЛЫ, ЖАМБЫЛ ОБЛЫСТЫҚ КӨПБЕЙІНДІ БАЛАЛАР АУРУХАНАСЫНЫҢ БАС ДӘРІГЕРІ:

Бас, ми жарақаты, оң аяғының сүйегінің сынуы, төменгі жақтың сынуы диагнозы қойылған болатын. Екі балының да жағдайы әзірше ауыр, тұрақты. Қызға ота жасау жоспарлануда. Аяқтың жабық репозициясы металоостиосинтез.

ҚҰНДЫЗ БӨГЕНБАЕВА, ЖАМБЫЛ ОБЛЫСЫ ПОЛИЦИЯ ДЕПАРТАМЕНТІНІҢ РЕСМИ ӨКІЛІ:

Аталған дерек бойынша сотқа дейінгі тергеу амалдары басталды. Күдікті анықталып, ұсталды және уақытша ұстау изоляторына қамаққа алынды. Қазіргі уақытта қажетті кешенді тергеу іс-шаралары жүргізілуде.

Бала құқықтары жөніндегі уәкіл Динара Зәкиева  болған оқиғаға қатысты пікір білдірді. Оның айтуынша, өңірлік бала құқықтары жөніндегі уәкіл ауруханаға барып, балалардың жағдайымен танысқан. Әйелдің  бұрын ауыр депрессиялық күйі анықталған, алайда емдеу курсы толық аяқталмаған көрінеді.