$541.34 €640.73 ₽6.53
×

Алматы облысында тау опырылып, топырақ астында адам қалып қоя жаздады

AstanaTV
09.02.2026ж. 19:00
Алматы облысында тау опырылып, топырақ астында адам қалып қоя жаздады

Алматы облысында тау баурайынан топырақ опырылып, астында адам қалып қоя жаздады.

Талғар ауданына қарасты Бесағаш ауылында жауған қар мен тұрақсыз ауа райының салдарынан топырақ шамадан тыс ылғалданып, баурайдан өздігінен сырғыған. Соның нәтижесінде жеке тұрғын үй аумағында тұрған жеңіл автокөлік пен қалқаға зақым келген. Кенеттен шыққан жойқын гүрсіл  қалашық тұрғындарының үрейін ұшырды.

СЕРГЕЙ ЕРМОЛАЕВ, ТҰРҒЫН:

Көшкін жүре бастады, топырақты тазартуға тырысқанымен, оны алып тастау мүмкін болмай отыр. Мына қабырғаның ар жағындағы жер соншалықты батпақты, тіпті шағын бульдозерлердің өзі батып кетеді. Сол себепті мамандар «тамыз айында құрғайды, сол кезде тазалаймыз» деп кеткен.

Оқиға орнында облыстық департамент басшылығы мен жедел қызмет өкілдері жұмыс істеп жатыр. Қауіпсіздікті қамтамасыз ету және аумақты жарықтандыру мақсатында жарық мұнарасы орнатылды. Жақын маңдағы тұрғындарға ықтимал қайталанатын табиғи құбылыстар кезінде әрекет ету тәртібі түсіндірілді.

ЕРКЕБҰЛАН ТЕРГЕУСІЗОВ, ТАЛҒАР АУДАНДЫҚ ТЖБ БАСТЫҒЫНЫҢ МІНДЕТІН УАҚЫТША АТҚАРУШЫ:

Жағдай Алматы облысының Төтенше жағдайлар департаментінің бақылауында. Оқиға орнында облыстық департамент басшылығы мен жедел қызметтер жұмыс істеуде. Қауіпсіздікті қамтамасыз ету және аумақты жарықтандыру үшін жарық мұнарасы орнатылды. Салдарын жою жұмыстарына Алматы облысының Төтенше жағдайлар департаментінің, жергілікті атқарушы органдардың, полиция департаментінің және ҚР ТЖМ «Қазселденқорғау» қызметінің шамамен 20 жеке құрамы мен 9 бірлік техникасы жұмылдырылды.